«Ақ жол» партиясы төрағасының бұрынғы орынбасары не үшін қамалды

АСТАНА. KAZINFORM – Бас әскери прокуратура Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың бұрынғы орынбасары Дмитрий Васильевке қатысты қылмыстық істің мән-жайын жария етті.

Фото: akzhol.kz

- Астана қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті Д. Васильев және өзге де тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 189, 218, 286, 366, 367 және 450-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, - делінген редакция жолдаған сауал жауабында.

Ресми ақпаратта айтылғандай, істің мән-жайын жан-жақты әрі объективті түрде анықтау бағытындағы тергеу амалдары жалғасады. Іс Бас әскери прокуратураның бақылауында.

Қылмыстық кодекске сәйкес жоғарыда аталған баптардың мәні:

- 189-бап – сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету (айыппұл не мүлкі тәркілене отырып 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру);

- 218-бап – қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру (10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеумен);

- 286-бап – тыйым салынған заттардың кедендік шекарадан өтуі (айыппұлдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін);

- 366-бап – пара алу (айыппұл не мүлкі тәркілене отырып 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мемлекеттік лауазымды өмір бойы атқару құқығынан айыру);

- 367-бап – пара беру (20–60 есе көлемінде айыппұл немесе 5–15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, егер тұлға өз еркімен хабарласа немесе параны талап ету жағдайында жауапкершіліктен босатылады);

- 450-бап – билікті теріс пайдалану (20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеумен).

Еске сала кетсек, былтыр қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтің ұсталғанын растады. Бұл туралы журналистерге аталған партияның төрағасы Азат Перуашев айтқан еді.

Бұған дейін бір жыл бойы қамауда отырған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары қандай күдікке ілінгені туралы жазған едік.