Академик К. Сағадиев Бірінші Назарбаев оқуларының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атауына қарсы шықты

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанда парламентаризмнің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция барысында сөз сөйлеген академик Кенжеғали Сағадиев Бірінші Назарбаев оқуларының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атауына қарсы пікір білдірді.

Сөз арасында академик К. Сағадиев ертең елордада «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Бірінші Назарбаев оқулары өтетінін айта келе, бұның әлемдік қауымдастық өкілдерімен бірлесе отырып, Ұлт Көшбасшысының өзіне тиісті тарихи еңбегін паш етудегі аса қажетті форум екеніне тоқталды.

«Дегенмен, маған оның атауы, яғни «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» бренді соншалықты ұнамай тұр. Тарихтың логикасы мен кезеңі қоғамның ұдайы жаңғыруын талап етеді. Қазақстан өз тарихындағы кезеңдерде белгілі бір жаңғыруды бастан кешірді, әлі де кешіріп келеді. Ол 20 ғасырда жаңа тәлімгер болатын, ендігі жылдары да, алдағы онжылдықта да жаңара бермек. Ал бұндай жаңара беретін дәуір ырғағында біздің тарихымыздың күрт өзгерістерге толы кезеңін, оның дамуына Назарбаев қосқан елеулі үлестерді келешек ұрпақ соншалықты байқай алмауы ғажап емес. Әсіресе, бұндай атауды форум сайын қайталай берсек тіпті түсініксіз болар еді», - деді К. Сағадиев.

Осыған орай, академиктің пікірінше, жыл сайынғы дәстүрге айналатын Назарбаев оқуларына, халықаралық форумға жаңа атау, жаңа бренд керек.

«Нақтылап айтқанда, мұны «Назарбаев шыңдары» деген орынды. Қазақ халқының жадында ертеден сақталып келе жатқан «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» бар. Ал осылар секілді «Назарбаев шыңдары» да келешек ұрпаққа Н. Назарбаев басшылығындағы нақты өзгерістерге толы кезеңдегі ұлттың жасампаз істерін есінде қалдыратын еді», - деді Кенжеғали Әбенұлы.