Академик Қилыбай Медеубеков 80 жасқа толды

АЛМАТЫ. Мамырдың 22-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы / - Бүгін Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Қилыбай Медеубековтің 80 жасқа толуына орай ғылыми конференция өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Халықаралық ғылыми-тәжірибелік ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеудің ұтымды бағытын қарастыру» атты ғылыми конференцияға Қырғызстан, Түркия, Қытай елдерінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері мен ғалымдар қатысты. «Еңбегін елге мұра ете білген шын асылды дер кезінде жарқырата білу керек, талантты зерттеуші, іргелі ғалым, орны ерекше тұлғаның құрметіне орай бүгінгі конференция біздің университетте өтіп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе» дейді ректор Т.Есболов. Қ. Медеубеков 1929 жылы дүниеге келген. Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы ғылымдарының академигі, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол қазіргі кезде ҚазҰАУ-да малшаруашылық өнімдері және технологиясы кафедрасының профессоры қызметінде.