«Академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана» ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде академик Р.Сыздықтың туғанына 90 жыл толуына орай «Академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана» ашылды. Соған орай, «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» атты «Дөңгелек үстел» өткізілді.

Рабиға Сәтіғалиқызы Сыз­ды­қ­ова - көрнекті тіл маманы, түркі­тану­шы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, фи­лология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік тіл қоғамы­ның корреспондент-мүшесі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сый­лық­тың иегері. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің , «Құрмет бел­гісі», «Парасат» ордендері­нің ие­гері. «Қаз КСР-інің еңбек сіңір­ген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілген, есімі Қаз КСР-інің «Құрметті алтын кітабына» жазылған ерекше тұл­ғалардың бірі.

Қазақ тілі мен оның қолданылу әдіс-тәсілдеріне қатысты көптеген ғылыми-зерттеулер мен монографиялардың авторы Рәбиға Сыздықова атындағы дәрісхананы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ө.Айтбайұлы мен мемлекет қайраткері, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы А.Осман құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде ашты.

Шара «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы «Дөңгелек үстелге» ұласты. ҚазМемҚызПУ бірінші проректоры Б.А.Әлиев: «Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Р.Сыздықтың туғанына 90 жыл толу мерейтойының Қыздар университетінің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұрғаны ерекше жағдай. Қос қуаныштың тағы бір белгісі - Р.Сыздық атындағы дәрісхананың ашылуы. Заманауи озық технологиямен жабдықталған, ғалымның еңбектері қойылған бұл дәрісхана филолог мамандарды даярлайтын, сапалы білім беретін орталыққа айналады деп сенеміз, - деді. Жиын барысында ғылымға айрықша еңбек сіңіргендері үшін академик Р.Сыздық пен академик Ө.Айтбайұлына «Ұлағат» алтын медалін, мемлекет қайраткері А.Османға «Ұлағат» күміс медалі тапсырылды. Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры М.Малбақовты, ф.ғ.д., профессор Б.Абылқасымовты, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ф.Оразбаеваны, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Б.Шалабайды мерейтойлық «Құр­мет белгісі» медалімен марапаттады.

«Дөңгелек үстелде» академик Р.Сыздықтың өмір жолы, ғылым­дағы игерген биіктері туралы көптеген ойлар ортаға салынды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры М.Малбақов жаңа дәрісхананың ашылуымен құттықтап, сту­денттердің игілігі үшін «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 15-томдығын сыйға тартты. Сондай-ақ, академик Р.Сыздық атындағы атаулы шәкіртақы тағайындап, ҚазМемҚызПУ филология фа­культетінің 4-курс студенті М.Баубекке сертификат табыстады. Мұ­нан өзге сөз алған ф.ғ.д., профессор Б.Абылқасымов, Абай атын­дағы ҚазҰПУ профессоры Ф.Оразбаева, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ профессоры Б.Шалабай, тіл жанашыры А.Осман, Р.Құтқожина сынды қонақтар да жылы лебіздерін білдіріп, дә­рісханаға арнап сый-сияпаттарын жасады.

Г.СЫДЫҚОВА