Академик Зейнолла Қабдолов қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық негіздерін қалыптастыруда ерекше еңбек сіңірген тұлғалардың бірі - Алтынай Жүсіпова
«З. Қабдолов - сан қырлы талант иесі. Сөйлеп кетсе ағылған шешен, бастап кетсе кемеңгер көсем. Өйткені ол ұлы ұстаз - Мұхтар Әуезовтің алдын көріп шәкірт болған, артына еріп тәлім алған, қатар жүріп сыр тартқан. Ұстаз-шәкірт қарым-қатынасынан өрілген сыйлас, сырлас көңіл-күй ауаны «Менің Әуезовім» роман-эссесі болып құйылған. «Зер қадірін зергер біледі», асылды асыл таниды деген осы болса керек», - дейді филология ғылымдарының кандидаты Алтынай Жүсіпова. Оның айтуынша, көрнекті ғалым әдебиеттің түрлі жанрында қалам тартып, жемісті нәтижелерге қол жеткізген. Ақындық, жазушылық, ұстаздық қырларын былай қойғанда, ол - ғажап стилист, сөз зергері. Әдебиет - ардың ісі, сөз өнері деп біліп қана қоймай, соны адамзат ақыл-ойының бұрынғы-соңғы замандағы ғұламаларының ой-тұжырымдары, көркем сөз өнері шеберлерінің кестелі сөз орамдары мен өрнекті пайымдары арқылы негіздеп, тиянақтап, оқушыға қолмен қойғандай етіп түсіндіреді.