Академия ұжымы танымал режиссермен кездесті

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясында аты алашқа мәлім «Абай», «Қош бол Гүлсары!» және т.б. фильмдердің қоюшы режиссері, продюссер Ардақ Әмірқұлов екі сағат уақытын тыңдаушылармен өткізді.

Академияның баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында режиссер өзінің жеке өмірі мен шығармашылығына тоқталып, кейінгі туындылары туралы әңгіме қозғап, көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жаны қазақ азамат өзінің сүйікті ісі жүйрік баптап, ат әбзелдері мен қазақ әдебиетінің жауһарларының өмірін зерттегенді ұнатады. Өнер адамы ретінде әдеби туындылар әсерінен шығармашылық шабытының оянып, бойлай үңілген кейіпкерінің өмірінен қуат алып, нәтижесінде дүниеге жаңа кино келеді.

Елбасының қолдауымен елімізде жүргізіліп жатқан орасан жұмыстардың жетістігіне оң баға бере отырып, режиссер жас тыңдаушыларды Отанды сүйюге, оған қалтқысыз қызмет етуге шақырды. Қазақ топырағында дүниеге келгенімен білімін Ресей жерінде шыңдап, АҚШ асып шет елдерде көп жүретін А.Әмірқұлов өзінің ана тілі - қазақ тіліне деген құрметін ерекше ыстық ықыласпен аялай сөйледі. Өзге тілдерді еркін меңгерген киногер қазақ тілінің киелілігін жасы ұлғайған сайын сезінетінін жасырған жоқ. Қаны қазақ деп соққан ардалы азамат болашақта ұлтымыздың, еліміздің абыройын дәріптейтін туындыларды түсіруді қолға алғанын, және оны көгілдір экраннан үздіксіз жариялау туралы ойларымен бөлісті.

Тәуліктің мезгілімен санасып жүретін жанның алтын уақытын бөліп, академияға келіп, сыр-сұхбат бергеніне дән риза болған оқу орнының ұжымы арнайы құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды. Кеш соңында Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Т. Кулибаев өзінің кітабын ескерткіш ретінде режиссерға сыйға тартты. Академияның клубына жиналған көпшілік адамзаттың Айтматовы атанған ұлы тұлға, Қырғыз елінің біртуар азаматы Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары!» повестіне түсірілген режиссер Ардақ Әмірқұловтың туындысын тамашалады.