Акциялардың бағасын Үкімет белгілейтін болады - «ҚазТрансОйл» компаниясының бас директоры Қ.Қабылдин

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Компания акцияларының бағасын ел Үкіметі белгілейтін болады. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Халықтық IPO» қатысатын алғашқы компания - «ҚазТрансОйлдың» бас директоры Қайыргелді Қабылдин осылай айтты.

Оның хабарлауынша, қазіргі кезде компания басшылығы акциялардың санын көбейту бойынша тиісті шешім қабылдап, оны құзіретті органдарда бекітіп алды. «Осы акциялардың бағасы мен нарықтағы көлемін ел Үкіметі бекітіп, арнайы қаулы шығаратын болады», - дейді Қ.Қабылдин.

Айта кетейік, ресми мәліметке сәйкес, «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларына қатысты Үкімет қаулысы қыркүйек айында қабылдануы тиіс. Келесі айда арыз-өтініштерді қабылдау науқаны басталады.