Акцизді күрт көтеру алкоголь өнімдерінің «көлеңкелі» тұсын арттыруы мүмкін - Үкімет басшысы

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Акцизді күрт көтеру алкоголь өнімдерінің «көлеңкелі» тұсын арттыруы мүмкін. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлім етті.

Бюджет жобасын талқылау барысында депутат Гүлмира Исімбаева әлеуметтік зиянды тауарларға акциздерді көтеру туралы Елбасы бастамасына тоқтала келе, оның ішінде темекі мен алкогольге акцизді арттыра түсу мәселесіне ерекше мән берген болатын. Депутаттың айтуынша, егер темекі акцизіне қатысты былтырдан бері бірқатар шаралар қабылданып жатса, алкоголь акцизінде жағдайымыз мәз болмай тұр. «Елімізде алкоголь өніміне акциз мөлшері Кеден одағының басқа елдеріне қарағанда 300-400 пайызға төмен. Ал бюджет жобасында ұсынылып отырған акцизді кезең-кезеңімен арттыру осы айырмашылықты төмендетпейді десе де болады», - деді Г. Исімбаева. Бұл ретте депутат Үкімет басшысынан Елбасының алкоголь ішімдіктеріне акцизді көтеру туралы тапсырмасы қалай шешімін тауып жатқанын сұраған болатын.

Өз кезегінде Премьер-Министр Серік Ахметов темекі мен алкоголь өнімдеріне акцизді арттыру мәселесі аса қажетті қадам екенін, Үкімет бұны дұрыс бағыт деп санайтынын жеткізді. «Оның үстіне Кедендік одақ шеңберінде біз Ресей мен Беларусь елдерінен біршама қалып келе жатқанымыз да бар. Алайда, тоқтала кететін жайт, күшті алкоголь өнімдеріне акцизді көтеруге теңгерімді және сатылы кезеңмен келуіміз керек. Акциздерді күрт көтеру алкоголь өнімдерінің «көлеңкелі» тұсын арттыруы мүмкін. Сондықтан да, біз бұл мәселені жеткілікті түрде қарадық. Елбасы да наурыз айында Үкіметтің алкоголь ішімдіктеріне акцизді кезең-кезеңімен көтеру туралы ұстанымын қолдады», - деді С. Ахметов.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр 2014 жылы ағымдағы жылмен салыстырғанда темекі мен алкоголь өніміне акциздер екі есеге артатынын, ал 2016 жылы үш есеге дейін көтерілетінін атап өтті. «2020 жылға қарай біз Кеден одағындағы негізгі әріптестерімізбен алкоголь өнімдеріндегі акциздер бойынша теңесе аламыз деп ойлаймын», - деді С. Ахметов.