Әкелер форумы: бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жауапты әке — тұрақты қоғамның тірегі» атты қалалық Әкелер форумы өтті.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

TEDx форматында ұйымдастырылған шарада отбасы құндылықтарын нығайту, бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін арттыру және қоғамдағы әкелік институттың рөлін күшейту мәселелері талқыланды.

Форумның мақсаты — әкенің отбасы мен бала тәрбиесіндегі орнын айқындау, жауапты әке мәдениетін қалыптастыру және ұлттық тәрбие негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету.

Іс-шарада сөз алған Республикалық әкелер одағы қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай қазіргі таңда әкелердің бала тәрбиесіне араласуы артып келе жатқанын атап өтті.

— Әкелердің балабақша, мектеп пен колледж өміріне әрі баласының тәрбиесіне белсенді араласуы айтарлықтай артып келеді. Бұл — қоғамымыздағы үлкен прогресс. Мәселен, Астана қаласындағы әкелер одағының бір жылдық жұмысы аясында 60 мыңнан астам білім алушы мен 15 мыңнан астам әкені қамтыған 200-ге жуық жоспарлы іс-шара ұйымдастырылды. Аталған жұмыстардың қатарында «Нағыз ер азамат болу — намыс пен жауапкершілік» тақырыбындағы ашық диалог, «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясындағы эко-челлендж және «Әке — үлгі, әке — өнеге» экологиялық акциясы бар, — деді одақ төрағасы.

Бекдайыр Күзембайдың айтуынша, әкелер одағының басты міндеті — ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әкелердің жауапкершілігін арттыру және өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге ықпал ету.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

— Әкелер одағының негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әкелердің жауапкершілігін арттыру және өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелей отырып, қоғамның рухани дамуына үлес қосу, — деді ол.

Әке мен бала арасындағы байланыс күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады

Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақбарова бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, баланың тұлға ретінде қалыптасуына әкенің баламен қарым-қатынасы, өмірлік ұстанымы және күнделікті әрекеті тікелей әсер етеді.

— Бүгінде елімізде алты миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың әрқайсысы — Қазақстанның болашағы. Сол себепті баланың сапалы білім алып қана қоймай, адамгершілігі мол, еңбекқор, елін сүйетін азамат болып қалыптасуы бәріміз үшін маңызды. Баланың бойындағы көптеген қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан тәрбие — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, — деді министрлік өкілі.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Ол сонымен бірге ата-ана мен білім беру ұйымдарының өзара байланысы бала тәрбиесінің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Әсіресе, әкенің баламен бірге өткізген уақыты мен күнделікті қарапайым әрекеттері баланың дамуына үлкен әсер ететінін жеткізді.

— Кейде ұзақ ақыл айтқаннан гөрі, бірге өткізген уақыт тиімдірек. Кітап оқу, спортпен шұғылдану, дастарқан басында әңгімелесу, бірге серуендеу — осының бәрі баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді, — деді вице-министр.

Әкелер одағы қоғаммен бірге жұмыс істеуі керек

Бұдан бөлек, жиынға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев та отбасы құндылығы, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі және әкелер одағының қоғамдағы міндеттері туралы сөз қозғап, әкелер одағының азаматтық қоғамдағы орны қалыптасқанын атап өтті.

— Қазір отбасы институтының маңызы мемлекеттік деңгейде артып келеді. Жаңа Конституцияда отбасы және неке мәселесінің конституциялық деңгейге шығарылуы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бала тәрбиесі — еліміздің қауіпсіздігі мен болашағына тікелей байланысты мәселе. Сондықтан әкелердің бала тәрбиесіне жауапкершілігін күшейтуіміз керек, — деді сенатор.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Ғалиасқар Сарыбаев жақында қабылданған рақымшылық шарасына да тоқталды. Оның сөзінше, рақымшылық нәтижесінде шамамен 16 мың адам қоғамға қайта оралады.

— Олардың арасында біреудің әкесі, біреудің анасы, біреудің туысы бар. Сол себептен бүгінгі күні Әкелер одағының ең басты міндеттерінің бірі — осы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу. Олардың болашақта қайтадан құқықбұзушылыққа бармауына жағдай жасауымыз керек, — деді ол.

Сенатор Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік келісімшарт жүйесіне көшу және отбасының цифрлық картасын енгізу жұмыстарына әкелер одағы белсенді араласуы қажет екенін айтты. Сонымен қоса ол елімізде жаңадан құрылған отбасыны қолдау орталықтарының жұмысына да әкелер одағының қатысуы маңызды екенін еске салды.

— Бүгінде елімізде 130-ға жуық отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтардың жұмысына әкелер одағы толық қатысуы керек. Біз бүгін әртүрлі іс-шаралармен айналысып жүрміз. Бірақ болашақта мемлекеттік жүйемен бірге жұмыс істейтін деңгейге жетуіміз қажет. Қазір жылына шамамен 150 мыңға жуық азамат үйленеді. Соның 60 пайызы ажырасып жатыр. Соның салдарынан көптеген бала әкесінің немесе анасының тәрбиесін толық ала алмай өсіп келеді. Біз бұл мәселенің түпкі себептерін зерттеп, нақты жұмыс жүргізуіміз керек, — деп түйді сенатор.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Отбасындағы серіктестік бала тәрбиесіне әсер етеді

Ал белгілі психолог Ержан Мырзабаев қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі өзгеріп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, бұрын әкенің міндеті көбіне отбасын материалдық қамтамасыз етумен байланыстырылса, бүгінде әкелердің бала тәрбиесіне араласу үлгісі өзгеріп келеді.

— Бұрын бала тәрбиесі көбіне әйелге жүктелетін. Әкенің негізгі міндеті жұмыс істеу, отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету деп қабылданды. Ал қазіргі әкелер тек табыс табумен шектелмейді. Олар балаларымен уақыт өткізуге, демалыс күндерін арнайы отбасы күні ретінде ұйымдастыруға, балаларының өміріне белсенді қатысуға тырысады. Ең бастысы, балаларымен эмоционалды жақын қарым-қатынас орната алатын әкелер көбейіп келеді, — дейді психолог.

Сарапшы бұл өзгерістер отбасыдағы жауапкершіліктің жаңа моделін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі отбасында бала тәрбиесі мен тұрмыстық міндеттер тек бір адамның міндеті ретінде қарастырылмауы керек.

— Қазіргі таңда саябақтарда, көшелерде, қоғамдық орындарда балаларымен серуендеп жүрген, бала арбасын сүйреп жүрген әкелерді жиі көреміз. Бұл — жақсы үрдіс. Әкенің бала тәрбиесіне белсенді араласуы отбасындағы жауапкершіліктің тең бөлінуіне ықпал етеді. Ал мұндай ортада өскен балалар әйел мен ер адамның қарым-қатынасын серіктестік ретінде қабылдайды, — деді Ержан Мырзабаев.

Психологтың айтуынша, балаға отбасыдағы қарым-қатынас арқылы құндылықтар беріледі. Сондықтан әке ұл мен қыз баланы бөліп-жармай, әрқайсысына бірдей көңіл бөліп, жұбайын өзіне тең серіктес ретінде қабылдауы маңызды.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Айта кетейік, форум алаңында әке мен бала арасындағы байланысты көрсететін арнайы көрме де ұйымдастырылған. Онда елордалық балабақша мен мектеп оқушыларының отбасы, әке бейнесі және әкелік мейірім тақырыбындағы шығармашылық жұмыстары ұсынылды. Балалардың суреттері арқылы әкенің отбасыдағы орны мен бала санасындағы әке бейнесі көрініс тапқан.

Фото: Назерке Сүйіндік/Kazinform

Еске салайық, форумға мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім беру және психология мамандары, кәсіпкерлер, мәдениет пен спорт саласының өкілдері, сондай-ақ әкелер қауымдастығының мүшелері қатысты.

Бұған дейін мәжілісмен Данабек Исабек балалардың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын жазғанбыз.