«Анамды аяусыз ұрып тастады»: маңғыстаулық тұрғын әкесін жазаға тартуды сұрайды
АҚТАУ. KAZINFORM – Мұнайлы ауданының тұрғыны оқиғаны баяндап, әлеуметтік желіге шығарған.
Оның айтуынша, әкесі ішімдік ішіп алып, анасын аяусыз ұрған. Ал полиция болса, оны 2 сағаттан кейін босатып жіберген.
«Әкем ішіп алып, анамды түн ортасында қуып жүріп, сабаған. Мүгедек қылуға дейін апарды. Полицияға беріп жіберсе, қамамай босатып жіберіп отыр. Үйге келіп дым білмеген адам сияқты жүр. Осы жағдайды естіп Алматыдан ұшып келдім. Полицияға кіріп шықтым. Олар «адамды қанша қатты ұрса, жазасы ауыр. Қанша жәй ұрса, жазасы да жеңіл болады, - деп мені шығарып салды», - дейді шағымданушы.
Тұрғын анасының құқығының қорғалуын талап етіп, әкесін жазалауды сұрады. Осы оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық Полиция департаменті жауап берді.
«Кінәлі тұлға отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер және тыныштықты бұзу деректері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
Полиция өкілінің айтуынша, сараптама қорытындысы сотқа жолданады. Күдікті соттың шешімімен ғана жауапқа тартылады. Ал әзірге әйеліне жақындамау туралы ескерту берілген.