Әкем жер астынан – су, мен мұнай іздедім – Қазақстанның Еңбек Ері

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тәуелсіз елдің жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленген Руслан Қуатов 40 жылға жуық мұнай-газ өнеркәсібі саласында жұмыс істейді. «Бала күнімнен мұнайшы болуды армандадым. Бұған әкемнің «Жеріміздің астында тұнған байлық бар. Оны елдің игілігіне жаратуға үлесіңді қос» деген бірауыз сөзі ықпал етті. Әкем жер астынан су іздеді. Ал мен мұнай іздедім», деген мұнайшы салаға келу жолы әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Руслан Қуатовтың кіндік қаны ауылда емес, Атырау қаласында тамған. Алайда, еңбек жолын дархан дала төсінде бастады. Өйткені, оның аңсары бала күнінен көкжиегіне көз жетпейтін жазиралы кең далаға ауған. Мұның еш құпиясы жоқ. Су шаруашылығы саласындағы жұмысына байланысты өңірдің әр қиырына жолы түскен әкесі Тұржанмен бірге оның бармаған жері жоқ. Әсіресе, жазғы каникулда әкесінің жанынан қалмаған. Сондай сапарының бірінде құба жонды қырат үстінде мұнай сорған қондырғыларды көріп, қызығушылығы оянған.

«Бала кезімде жүрек түкпірінде жарық сәуле секілді жылт еткен сол қызығушылық биік белеске бастар баспалдақ боларын білген жоқпын. Бірақ, сол сәуле Атыраудағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті бітірген соң Қазақ политехникалық институтына жетелеп келді. Бұл институтты 1984 жылы тау-кен инженері мамандығымен бітіргеннен бері өмірімді мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстыруға бекіндім. Сөйтіп, «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінде еңбек жолымды бастадым. Алғашқы төрт жылда Балықшы мұнай-газ барлау экспедициясында оператор, инженер, жетекші инженер болып жұмыс істедім. Экспедиция басшысы Орал Ақшолақов, бас инженер Уәли Мыңбаев, бас геолог Тарих Тұхпатов, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Ерлан Нәжікенов бастаған аға буынның ақыл-кеңесін тыңдап, тәлімді тәжірибесін көкейіме түйіп, тапсырманы бұлжытпай орындап, сенім үдесінен көрінуді мақсат еттім», -дейді Руслан Қуатов.

Еңбек өтілінің кейінгі бес жылын «Теңізмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасымен байланыстырды. Бұл әйгілі «Теңіз» кен орнын игеру мақсатында құрылған іргелі кәсіпорын еді. Сондықтан мұнда да ұңғымаларды сынау жөніндегі жетекші инженерге жүктелер міндет жеңіл болмады. Сол себептен, аталған басқарма басшыларының батыс аймақтың кен орындарына геологиялық барлау жүргізіп, тәжірибесі толыққан Руслан Қуатовты шақыруының астарынан білікті маманға артылған сенім мен жауапкершілікті аңғару қиын емес.

«Арада өткен үш жылдан соң «Теңіз» кен орнындағы №1 кешенді технологиялық желілері қондырғысы іске қосылып, көптен күткен мол мұнай кен орнында бой көтерген зауытқа жіберілді. Бұл – 1991 жылғы 6 сәуір. Кездейсоқтық, тіпті сәйкестік деуге болатын шығар, екі жылдан кейін, 1993 жылғы 6 сәуірде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылып, еліміздің мұнай-наз секторына алғашқы шетел инвесторы бет бұрды. Әлемдегі ең ірі компания – «Шевронның» инвестициясымен бірге «Теңіз» кен орнына білікті мамандар, жаңа технологиялар мен техникалар келе бастады. Сол күннен бастап шетелдік мамандармен бірге жұмыс істеген отандық мұнайшылардың қатарында мен де болдым. Алғашқыда – 1993-2000 жылдары «Теңізшевройл» ЖШС-нің мұнай өндіру технологиясы бөлімінде жетекші маман лауазымын атқардым. Кейін бірлескен кәсіпорын басшылары маған 2004 жылға дейін өндірісті оңтайландыру жөніндегі өндірістік топқа жетекшілік ету міндетін жүктеді. Шетелдіктермен қоян-қолтық жұмыс істей жүріп, ағылшын тілін тез меңгеріп алдым. Ал, 2004-2005 жылдары «Шеврон» корпорациясының (АҚШ) технологиялық қамтамасыз ету бөлімінде кеңесші болып, әлемдік мұнай өндірудің тәжірибесімен танысып келдім. Шетелден оралғаннан кейін компанияның мұнай өндіру технологиясы бөлімінде менеджер міндеті жүктелді. Қазір компания директоратының атқарушы кеңесшісі болып жұмыс істеймін» -деп компаниядағы жұмысы туралы әңгімеледі ол.

Өзіне жүктелген жұмысты адал атқаратын білікті мұнайшының еңбегі елеусіз емес. Мәселен, кәсіпорын басшыларының ұсынуымен 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал 2017 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ұсынылды.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Теңізшевройл» ЖШС-нің мұнай өндіру технологиясы бөлімінің менеджері Руслан Тұржанұлы Қуатовқа берілді. Жоғары білікті инженер ретінде ол мұнай өндіру ісін технологиялық тиімділігі тұрғысынан қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Еліміздің мұнай-газ саласындағы халықаралық серіктестігінің дамуына атсалысты. Осындай кәсіби мамандардың еңбегінің арқасында мемлекетіміздің индустриалды әлеуеті артып, энергетикалық егемендігі нығая түсті», -деген еді отандық мұнайшыға жоғары марапатты тапсырған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Отандық мұнай-газ өнеркәсібінде өзіндік қолтаңбасы бар Руслан Қуатовты шетелдік әріптестері құрмет тұтады. Соның бірі Майкл Пиллоудың айтуынша, мұнай өндірісіндегі техникалық жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ететін топқа жжетекшілік ететін Руслан Қуатов – білікті басшы. Өзі басқаратын топ жұмысының ерекше маңызын жете түсінеді. Әріптестерін ұдайы алға жетелеп отырады.

«Әкем ұдайы «Жеріміздің астында тұнған байлық бар. Оны елдің игілігіне жаратуға үлесің қос» деп отырушы еді. Ол мейір қандырар су көзін іздеді. Ал, мен ел әлеуетін арттырар мұнай іздедім. Бозбала күннен мұнайшы болуды армандадым. Сол арманым орындалып, кен орындарын іздеуге үлесімді қостым», - дейді «Қазақстанның Еңбек Ері» Руслан Қуатов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Тұңғыш Президенттен үш рет бата алған Берік Уап туралы жазған болатынбыз.