Әкемнің ағасы жерленген жерге барып, тағзым еткім келеді – БҚО тұрғыны
ОРАЛ. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тумасы Есенғали Жандыбаевтың жерленген жері көпке дейін белгісіз болып келді.
Есенғали Жандыбаевтың (құжат бойынша Исенгали Джандыбаев) інісі Мұхамбетқалидың ұлы, қазіргі кезде Орал қаласында тұратын БҚО мемлекеттік архиві кадр және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Оспановтың (құжатта Успанов) мәлім еткеніндей, әкесінің ағасы 1917 жылы Теректі ауданы Федоров (қазір Теректі) ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген.
Отбасында әкесі Оспан Нұрымов (Успан Нурумов), анасы Кәмила, інісі Мұхамбетқали болған. 1930 жылы еңбек жолын Ақсуат ауылдық кеңесіне қарасты Сталин атындағы колхозда есепші болып бастаған Есенғали соғысқа дейін Шыңғырлау станциясында айырушы (стрелочник), Қазақстан станциясында аға кондуктор қызметін атқарған.
1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылған Есенғали Жандыбаев Екінші дүниежүзілік соғысынан қайтпай қалды.
- 2002 жылы 1 маусымда әкем қайтыс болғаннан кейін ағасы туралы құжаттар жинақтауға кірістім. Мұны парызым деп есептедім. Әкем ағасының қайда жерленгенін ресми орындарға хабарласып, іздесе де, таба алмады. Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі орталық архивіне, Орлов облысы әскери комиссариатына хат жазып, іздестірдім. Соның нәтижесінде Есенғали Жандыбаевтың соғыста жүріп өткен жолдарын анықтадым, - дейді Бауыржан Оспанов.
Оның сөзіне қарағанда, 29-дербес танк полкі 1943 жылы 13 ақпаннан 25 сәуірге дейін Солтүстік-Батыс майданы 27-армия құрамында Демянск және Старорусский шабуылдарына қатысқан.
Сол жылы Батыс майданы 4-танк армиясы 6-гвардиялық механикаландырылған корпусының 29-дербес танк полкі 26 шілдеден 4 тамызға дейін Орлов облысы Курск иініндегі Борилов шайқасында жаумен айқасқан.
Т-34 танкінің командирі, аға сержант Есенғали Жандыбаев 31 шілдеде Бычковский деревнясын азат ету кезінде қаза тапқан. Дәлірек айтқанда, танк ішінде жанып кеткен. Содан Орлов облысы Болхов ауданы Покровский ауылында жер қойнына берілген.
Ресей тарихында Прохоров танк шайқасы жиі айтылады да, Борилов ұрысы сөз болмай келді. Мұның себебі – Бориловта шығынның көп болғанында.
- Аталмыш полк 29 Т-34 танкінің 21-інен айырылған. 16-сы жанып кеткен, төртеуі атып түсірілген, біреуі хабарсыз кеткен. 120 адам қаза тапса, 32-сі жараланған, 44-і із-түзсіз жоғалған. 4-танк армиясы 6-гвардиялық механикаландырылған корпустың құжаттары, соның ішінде көз жұмған жауынгерлер тізімі көпке дейін құпия ұсталды. Алдағы уақытта әкемнің ағасы жерленген жерге барып, тағзым еткім келеді. Әзірге Ресейдегі жағдайға байланысты бұл мүмкін болмай тұр, - дейді Б.Оспанов.
Бауыржанның анасы Күлшанның ағалары Ғайнолла мен Әділгерей Үмбетияров та қан майданда от кешкен. 1942 жылы хабарсыз кеткен Ғайнолла Үмбетияровтың қайда жерленгені туралы еш дерек жоқ. Ал ауыр жараланған Әділгерей бірінші топ мүгедегі болып, елге оралған.
Өз әкесі Мұхамбетқали Оспанов 1925 жылы 15 мамырда өмір есігін ашқан. 14 жасынан колхозшы, кейін тракторшы болған ол 1943 жылы 14 қаңтарда әскерге алынған.
М.Оспанов 67-Кенигсберг зениттік-артиллериялық дивизиясы 1986-зениттік-артиллериялық полкі құрамында Латвия мен Литва, Шығыс Пруссия бағытында көптеген жерлерді жаудан азат етуге атсалысқан.
1945 жылы 26 ақпанда Мұхамбетқали Оспанов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Марапат қағазында 3-батарея 2-взвод 4-зеңбіректің оқтаушысы М.Оспановтың жаудың әуе шабуылы кезінде минометтен оқ жауып тұрғанына қарамастан, зеңбіректі үздіксіз оқтап отырғаны жазылған. Соның нәтижесінде дұшпанның екі FW-190 ұшағы атып түсірілген.
Соғыстан кейін әскери қызметте болған М.Оспанов отбасымен 1948 жылы ғана қауышқан. Анасы Кәмила үлкен ұлынан айырылғаннан кейін Мұхамбетқалиын зарыға күткен.
Тағы бір айтатын жайт, М.Оспанов көзі тірісінде «Кенигсбергті алғаны үшін» медалімен марапатталғанын білмей кеткен.
- Әкемнің аталған медальмен марапатталғаны жөнінде құжат архивте сақталған екен. Соның нәтижесінде 2014 жылы Ресей Федерациясының Оралдағы бас консульдігінде анам екеумізге медаль табыс етілді. Мен әкем құрамында болған дивизия мен полктың жүріп өткен жолдарын зерттедім. Дивизия командирі, Кеңес Одағының Батыры, полковник Габибулла Гусейновтан бастап жауынгерлер тізімін жасап шықтым. Олардың арасында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, қазіргі Атырау, Қызылорда облыстарынан аттанған сарбаздар да аз емес. Полк туының көшірмесін жасатып, сақтап қойдым. Мұның бәрі – тарих, біз оны ұмытпай, ұрпағымызға айтып отыруға тиістіміз, - деп түйіндеді сөзін ұзақ жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарған отставкадағы полиция полковнигі Бауыржан Оспанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 98 жастағы Вениамин Скаленконың аға буынның ерлігі мен еңбегін ұмытпау керектігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.