Әкесін балағаттаған ұл соттан бір-ақ шықты - Қызылорда облысы
«Әке самайындағы шашты аңғармаған бала, өз маңдайындағы бақты бағалай білмейді» деген ұлағатты сөзді бүгінгі күннің кейбір балалары ұмыт қалдырғандай.
Оған дәлел, әкесін әкесінен бастап түк қоймай балағаттаған құқық бұзушы азаматтың іс-әрекетін айтуға болады. Құқық бұзушы айдың күні аманында ішімдікке сылқия тойып алып, үйіне келіп, алақанына салып, аялап өсірген әкесіне қарсы балағат сөздер айтып, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы азаматтарға сыйламаушылық білдірген.
Құқық бұзушы бұрын құқықты бұзғаны үшін жазаланса да, нәтиже шығармай, бір жыл ішінде, осы іс-әрекеттерін қайталап, ҚР ӘҚБтК-ң 79-5-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасаған.
Басты сот талқылауында құқық бұзушы өз іс-әрекетіне шын жүректен өкінетінін білдірді.
Бірақ жәбірленуші баласын кешіре қоймады. Ол соттан баласына кешірім бермейтіндігін және заң талаптарына сай шара қолдануын сұрады.
Құқық бұзушы С. ҚР ӘҚБтК-нің 79-5-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 тәулік әкімшілік қамауға алынды.
Халық мақалында «Әке - асқар тау, ана - мөлдір бұлақ, бала - жағасындағы құрақ», деп табиғаттың тамаша құбылысына теңеген екен. Бұрыңғы заманда да, қазіргі кезде де отбасында әкенің алатын орны ерекше. Әке - ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы. Сондықтан әкені қадірлей білейік...