Әкесінің көлігін рұқсатсыз мініп кеткен көкшетаулық үш жасөспірім жол апатына ұшырады
Көкшетауда жасөспірімдер рұқсатсыз мінген автокөлік жол апатына ұшырап, бірнеше көлік пен көше бойындағы жарық бағанына залал келді, деп хабарлайды Kazinform.
Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жол*көлік оқиғасы 3 желтоқсан 19:30 шамасында Тәшенов көшесінің бойында болған.
Анықталғандай, Тәшенов көшесінің бойында жылдамдық режимін сақтамаған Honda Odyssey автокөлігінің жүргізушісі автотұрақта тұрған Hyundai i40 көлігін соққан.
Қатты соққыдан көлік орнынан жылжып, мешіт қоршауын қиратқан.
Сонымен бірге, Honda Odyssey автокөлігі қатты екпінмен көшенің жарық шамдарының бағанына және ВАЗ-2107 автокөлігіне соғылған.
Кейін Honda Odyssey жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті. Дегенмен тәртіп сақшылары кінәлі жүргізушіні анықтады.
Белгілі болғандай, көліктің руліндегі 16 жасар жергілікті тұрғын болып шықты.
Сонымен бірге, көліктің салонында 14 жасар ұл мен 17 жасар қыз бала болды. Көлік 14 жасар баланың әкесіне тиесілі, жасөспірімдер көлікті рұқсатсыз алған.
– Қазіргі кезде «Honda Odyssey» автокөлігі мамандандырылған автотұраққа қойылып, сараптама тағайындалды, – деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында арбадағы адам жедел жәрдем көлігінің астына түсіп мерт болғанын жазған едік.