Енді қазақстандықтар смарт-сағаттары мен құлаққаптары арқылы электрокардиограмма (ЭКГ) түсіріп, артериялық қан қысымын өлшей алады, жүрек ырғағының бұзылуы мен ұйқы кезіндегі апноэ қаупі туралы хабарламалар алып, сондай-ақ есту қабілетін тексере алады.
Қол жеткізілген келісімнің арқасында бұдан былай Apple және Samsung компаниялары енгізетін барлық жаңа медициналық және профилактикалық сервистер үйлесімді құрылғыларда әлемнің басқа елдерінде ресми іске қосылған сәттен бастап Қазақстандағы пайдаланушыларға да қолжетімді болады. Бұл ретте өңірлік кідірістер мен шектеулер болмайды.
Apple Watch және Samsung Galaxy Watch-тың үйлесімді модельдерінде пайдаланушылар нақты уақыт режимінде ЭКГ түсіріп, аритмия белгілерін бақылай алады және алынған нәтижелерді смартфонда сақтап, кейін дәрігермен талқылай алады. Сондай-ақ сағаттар ұйқы кезіндегі тыныс алу сапасын талдау функциясын қолдайды және ықтимал апноэ туралы ескертеді. Бұдан бөлек, Samsung смарт-сағаттарында Samsung Health Monitor қосымшасы арқылы артериялық қан қысымын өлшеуге болады.
Бұл функцияны пайдалану үшін құрылғыны манжетасы бар тонометрдің көмегімен әр 28 күн сайын алдын ала калибрлеу қажет.
Ал AirPods Pro құлаққаптарының иелері «Денсаулық» қосымшасы арқылы есту қабілетін тексере алады, ал жеке есту аппаратының функциясы жеңіл немесе орташа дәрежедегі есту қабілетінің төмендеуі болуы мүмкін ересек адамдар үшін қоршаған ортадағы дыбыстарды автоматты түрде бейімдеп, күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа сервистерді пайдалану үшін пайдаланушылар смартфондарының, смарт-сағаттары мен құлаққаптарының бағдарламалық жасақтамасын жаңартып, содан кейін тиісті функцияны қосымшада баптауы қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық құрылғылардың бұл функциялары күнделікті профилактика мен өз денсаулығын бақылауға арналғанын атап өтті. Алайда олар толыққанды медициналық тексеруді, диагноз қоюды және маманның ем тағайындауын алмастырмайды.
Айта кетелік Алматыда өкпе қатерлі ісігіне робот-ассистент көмегімен алғашқы ота жасалды.