Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, елдегі көлік саласы мамандарын 37 жоғары оқу орны мен 47 колледжде дайындайды.
Жалпы саны 44 мыңға жуық студент білім алса, оның 28 мыңнан астамы мемлекеттік грант есебінен оқиды.
– Біздің жоспарымыз көлік саласына нақты қажет мамандарды оқыту, және болашақта керек мамандарды дайындау. Қазіргі кезде, технологияның өзгеруіне байланысты, көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет, – деді Н. Сауранбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Жаңа мамандықтар көлік саласының негізгі бағыттарын қамтиды. Автожол саласында BIM цифрлық жобалаушылары, «ақылды жол» мамандары және құрылыс роботтарының операторлары қажет.
Теміржол және логистика саласында – цифрлық логистер мен автоматика мамандарына сұраныс артып келеді.
Авиация саласында – жасанды интеллектпен жұмыс істейтін диспетчерлер, әуе қозғалысын AI арқылы жобалау мамандары және пилотсыз техниканың операторлары қажет.
Министрдің айтуынша, осы бағытта мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, колледж-техникумдардың 90 мыңнан астам түлегі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
2035 жылы елімізде 1,8 млн жұмысшы маманға сұраныс болады.