Ақылы автотұрақ: Көлікке зақым келсе, кім жауап береді?
АСТАНА. KAZINFORM - Егер ақылы автотұрақта тұрған көлік зақымдалса, оған кім жауапты? Тұраққа иелік ететін компания жауапкершілікті мойнына алмаса, қайда жүгіну керек? Автотұрақ бизнесіне қатысты осы және өзге де мәселелерді Kazinform агенттігі зерделеп көрді.
Тұраққа ақы төлейсің, бірақ қауіпсіздікке өзің жауаптысың
Астанадағы ақылы автотұрақтар қызметі бірқатар нормативтік актілермен реттеледі, соның ішінде көлік қою ережелері мен коммуналдық автотұрақтарды пайдалану қағидалары бар. Бұл ережелерде жауапты компания қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуі керектігі анық жазылған, алайда «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС-ның ресми сайтында олар автотұрақ пен көліктер үшін ешқандай жауапкершілік алмайтыны көрсетілген.
— Автотұрақ — көлік сақтау орны емес, «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС көлік құралдарының сақталуына жауап бермейді. Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, ашық көше автотұрақтарының концепциясында онда қойылған көлікті қорғау қарастырылмайды. Автотұрақ аумағындағы оқыс жағдайлар ҚР заңнамасына сәйкес реттеледі, – дейді Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.
Астаналық тұрғын Нұрлан Саметов ЖШС-ға қатысты шағыммен әкімдікке жүгінген.
Оның айтуынша, ақылы автотұраққа көлік қою және қызмет ақысын төлеу процесі өте қиын: бұл қызметті алғаш пайдаланған адамға ештеңе түсініксіз. Ол алғаш рет толық жұмыс күніне төлем жасаған кезде, қосымша тек балансты толықтырған, ақша төлем ретінде саналмаған. Осының кесірінен оған келесі күні айыппұл келген.
— Мысалы, Қонаев 12 мекенжайындағы ақылы автотұрақта көрінетін белгілер, шлагбаумдар, нақты шекаралар мен ақылы мен ақысыз бөліктерді айыратын сызықтар жоқ. Ақпараттық тақтайшалар да жетіспейді. «Астана тұрақтары» қосымшасы мен Kaspi.kz арқылы төлем жасау қызметі күрделі. Кешігіп төлеуге немесе өткен күн үшін төлем жасау мүмкіндігі жоқ. Айыппұл жөнінде алдын ала ескерту де жасалмайды, – дейді Н. Саметов.
Одан бөлек, ол елордадағы Сулы-жасыл бульвар бизнес-орталығында кеңсе жалдап отырған компаниялардың қызметкерлері сол жердегі ақылы автотұрақ үшін ақы төлеуі қисынсыз және әділетсіз деп санайды.
— «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС жол белгілерін жаңартпайды, аумақты абаттандырмайды, асфальтты жөндемейді. Қызмет алушы ретінде не үшін ақша төлейтінімді түсінбеймін, – дейді Саметов.
Пікір иесі аталған жайларды ескере отырып, өткен күн үшін ақы төлеу мүмкіндігін енгізуді, сондай-ақ бизнес-орталықтағы қызметкерлерге ақылы тұрақты тегін қылуды және айыппұл туралы SMS ескерту жасау тетігін енгізуді ұсынды.
Тұрақ кімге тиесілі және табыс қайда кетеді
Жақында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек тұрақ станциялары коммуналдық меншікке өтетінін айтты.
Көлік басқармасының хабарлауынша, «Астананың тұрақ кеңістігімен» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) келісімшартын бұзу мәселесі 2024 жылдың желтоқсанынан бастап қарастырылып, 2025 жылдың 6 ақпанында қосымша келісім жасалған.
Осы орайда «Ақылы автотұрақтар мен тегін тұрақтар арасында нақты қандай айырмашылық бар?» деген сұрақ туындайды. Бұған жергілікті атқарушы орган былай деп жауап береді:
— Жеке автотұрақ — мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер жер теліміне меншігі немесе жерді пайдалану құқығы негізінде ұйымдастырған тұрақ. Иесі көлік иелерінен бекітілген тарифтермен ақы ала алады. Коммуналдық тұрақ — уәкілетті орган ұйымдастырған, коммуналдық меншікте орналасқан тұрақ орындары.
Алайда бұл жауапқа қарасаң, коммуналдық тұрақтарда ақы алынбайтындай көрінеді.
— Жеке серіктес «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС коммуналдық меншікке өткенге дейін МЖӘ келісімшартын толық орындайды. Сондықтан барлық ақылы тұрақтар бұрынғы режимде жұмыс істейді. Қазіргі кезеңде жобаға кешенді баға берілуде. Алдағы уақытта тұрақ жүйесі әкімдік арқылы басқарылады, – дейді көлік басқармасынан.
Демек, меншік иесі ауысқанымен, қарапайым азаматтар үшін ештеңе өзгермейді.
«Ал бұл саладағы қаржы айналымы қандай?» деген сауалға әкімдік былай жауап берген:
— Төлемдердің 75%-ы жеке серіктеске, 25%-ы – мемлекетке түскен. Жобаның басынан бері бюджетке 6 млрд теңге түсті, бұл жобаның жалпы табысының 90%-ын құрайды. Ақылы тұраққа ақы төлемегені үшін жазылған айыппұлдар ҚР ӘҚБК 597-бабы бойынша тіркеледі. Барлық айыппұлдар қала бюджетіне түседі.
Ақы төлемегендер қалай анықталады?
Ақылы тұрақтарды арнайы көліктер GPS/ГЛОНАСС жүйесімен жабдықталған «Дозор-М» құрылғыларымен бақылап жүреді. Бұл құралдар көлік нөмірін, тұрған орнын, уақытын тіркейді және деректерді сол мезетте орталыққа жібереді. Осы деректер бойынша айыппұлдар автоматты түрде рәсімделеді.
— Тұрақ аймағындағы бұзушылықтар Астана қаласы Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасына жолданады. Даулы жағдайларда полиция деректерді нақтылап, мемлекеттік нөмірді сәйкестендіреді, ал жүйе статистикалық мәліметтер мен кеңестер береді, – дейді басқарма өкілдері.
Оқыс жағдай болса қайда жүгінуге болады?
Ақылы тұрақ — азаматтық заңнама арқылы реттелетін қызмет. Адвокат Әділет Ізбасаровтың айтуынша, қызмет ақысын төлеген кезде ұйым уақытша көлік орнын ұсынады. Бірақ бұл сақтау шартына жатпайды.
— Көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттеме тек сақтау шарты жасалғанда ғана туындайды. Жай ғана ақылы орын – бұл жалға алу қызметі, — дейді заңгер.
Сондықтан қаладағы ақылы тұрақтарда камера мен күзет жоқ. Қызмет көрсетуші компанияға көлік ұрланса немесе зақымдалса жауапкершілік жүктелмейді. Бірақ төлем жасалмаса, айыппұл салынуы мүмкін.
— Бұл тұста азаматтар мен мемлекеттік мүдде балансы сақталмаған деуге негіз бар. Себебі Конституция бойынша әр азамат инфрақұрылым мен жолдарды тегін пайдалана алады, - дейді Әділет Ізбасаров.
Одан бөлек, заңгер ақылы тұрақта көлік зақымдалса, оның иесі не істеуі керегін айтып берді.
— Ең алдымен полицияға өтініш беріп, бейнебақылау жазбаларын алу қажет. Қала камералары немесе куәгерлер көмектесуі мүмкін. Егер тұрақ күзетілетін болса және сақтау шарты болса (мысалы, офертада көрсетілген), онда шығынды өтеуді талап ете аласыз. Бірақ егер ол күзетілмейтін болса және жауапкершілік алынбайтыны жазылса, шығынды өтеуді полиция арқылы жеке өзіңіз іздеуге тура келеді, — дейді заңгер.
Қорыта келгендей мынандай түйін шығаруға болады:Ақылы, бірақ күзетілмейтін тұрақ — жай ғана жалға алынған орын. Бұл көлік иелерінің құқығын толық қорғамайды. Зақым келген сәтте полиция шақырып, дереу істі тіркеген дұрыс. Егер тұрақ күзетілетін болса, шығынды талап етуге мүмкіндік бар.
Осыған дейін ішкі көлік тұрағы жоқ тұрғын үйлер салынбайтыны туралы жаздық.