Вице-министрдің айтуынша, абоненттің келісімі байланыс операторының мобильді қосымшасы, SMS-хабарлама, телефон қоңырауы немесе USSD-сұрау арқылы расталады.
— Қосымша ақылы байланыс және интернет қызметтері абоненттің екі кезеңді келісімін алғаннан кейін ғана қосылады. Келісімді байланыс операторының мобильді қосымшасы, SMS-хабарлама, телефон қоңырауы немесе USSD-сұрау арқылы растауға болады. Бұған дейін интернетте жарнаманы байқамай басып қалу салдарынан ақылы жазылым автоматты түрде рәсімделіп кететін жағдайлар кездескен, — деді Досжан Мұсалиев.
Оның сөзінше, жаңа талап абоненттің нақты келісімінсіз ақылы қызметтердің қосылуына жол бермеуге және тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар биыл маусым айының соңында қабылданған тағы бір нормаға сәйкес, енді абоненттер байланыс операторлары жіберетін жарнамалық және ақпараттық хабарламалардан, сондай-ақ автоматты қоңыраулардан («маяк») бас тарта алады.
Вице-министрдің айтуынша, бұл өзгерістер азаматтар тарапынан жиі көтерілген мәселелерді шешуге бағытталған. Телекоммуникация саласына қатысты заң биыл тамыз айының соңында күшіне енеді. Ал оны іске асыру үшін қыркүйектің соңына дейін 20-дан астам заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін мамандар азаматтарды жеке деректерін қорғауға мұқият болып, заңсыз пайдаланылған жағдайда дереу құзырлы органдарға жүгінуге шақырған еді.