- Азат мырза, Қазақстан халқының саны 20 миллионға енді ғана жетіп жатыр. Соған қарамастан миллиардтан астам халқы бар елдердің алдына түсіп, әлемдегі ең белсенді Tik-Tok нарық қалыптастырып отыруының құпиясы неде деп ойлайсыз?
- Шынымен де Қазақстан ТМД елдерінің арасында Tik-Tok-тың орталығына айналып жатыр. Сонымен бірге, дүние жүзінде аудиториясын қалыптастырып үлгерген блогерлер бізде өте көп. Содан кейін бізде креативті блогерлердің саны басым. Мысалы, халқының саны бізден бірнеше есе көп елдерде 100 мың блогер болса, 20 млн халқы бар біздің елде де 100 мың блогер бар. Одан кейін бізде Tik-Tok оқырмандардың саны 14,5 млн аккаунтқа жетті – 20 млн халықтың ішінде 14 млн оқырман бар деген сөз. 2021 жылы біздің Tik-Tok-хаустың аудиториясы 13 миллионнан асып, әлемдегі ең танымал платформаға айналды. Содан бері көштің басын бермей келеді.
Бізде өте сәтті коллаборациялар көп. Өйткені, Tik-Tok бизнеске жақсы бейімделіп кетті. Шетелдегі атақты блогерлер біздің блогерлердің аудиториясы соншалық кең екенін көріп, бірге жұмыс істеуге ұсыныс көп тастайды. Демек, сырттан қаражат тауып, оны Қазақстанға әкеліп жатырмыз. Түсініп тұрған шығарсыз. Бұл – мұнайдың табысы емес, креативтік экспорт. Tik-Tok-тың бір артықшылығы – креативті индустрияның бүкіл саласымен бірге жұмыс істей алады. Музыканы да, киноны да, клипті де, ұлттық мәдениетті де, ғылым-білімді де, идеологияны да ілгерілетуге мүмкіндік бар. Ал Tik-Tok-тағы тауар жарнамасы – өз алдына бөлек арна.
Біздегі Tik-Tok нарығы өте белсенді десек те, бос жатқан сала көп. Қазақи контент жағы тіпті ашық алаң күйінде жатыр. Қазір бастап кеткен адамның табысқа жету мүмкіндігі зор.
- Сонда бәсекелестеріңіздің көп болғаны сіздерге несімен пайдалы?
- Біз нарықтағы бәсекені дамытуға мүдделіміз. Көбіне адам баласы бір салада жетістікке жетсе, өзін монополист етуге құштар болып тұрады, үйренгісі келгендерді маңайына жолатпауға тырысады. Ал біз керісінше ойлаймыз. Біз сияқты интертеймент (цифрлық ойын-сауық – ред.) көбейсе, бәсеке артады. Ал бәсеке сапаны арттырады.
- Бәсеке деп жатырсыз ғой, пайдалы контент Tik-Tok әлемінде бәсекеге қаншалықты бейім?
- Біз қазір пайдалы контентті қолдаймыз. Өйткені, басында бәрі ойын-сауық контентін көп қарағанымен, пайдалы контенттің құндылығы артып келеді. Қазір Tik-Tok әлемін «жарып жатқан» трендтер бүгін бар, ертең жоқ. Ал «Ақшаны қайдан табамыз?», «Қандай кітап оқу керек?», «Еңбек демалысын қалай тиімді өткізу керек?» деген сияқты сұрақтар мәңгі өзекті. Мысалы, сіздің кәсібіңізді алайық. Жас журналистерге саланың қыр-сырын меңгеру үшін ғылыми еңбектер оқып, түрлі тәжірибелерді зерттегенше сіздің Tik-Tok-тағы әрекетіңізді бағып отыру қолайлы. Сол арқылы сізден үйренетін дүниесін меңгере алады. Сондықтан пайдалы контент жасаудан тартынбау маңызды деп ойлаймын.
- Түрлі коллаборациялар арқылы сырттан ақша әкеліп жатырмыз дедіңіз. Қазақстан экономикасындағы немесе жалпы ішкі өніміндегі, болмаса жарнама нарығындағы Tik-Tok-тың үлесі туралы аналитикалық мәліметтер бар ма? Әлде ондай жеке статистикасын жүргізетін ауқымға жете қойған жоқ па?
- Мемлекеттік органдарда бар шығар. Өз компанияма қатысты деректерді ғана білем. Мысалы, коллаборация арқылы бір жақтан 10 мыңнан 100 мың долларға дейін ақша алуға болады. Әрине, бірден ондай тапсырысқа жету қиын. 3-4 ай жүйелі жұмыс істесе осындай деңгейге шығуға мүмкіндік пайда болады. Бізде ондай кейстер бар. Мысалы, Оңтүстік Кореяда бір шараға дүние жүзінен Tik-Tok блогерлерді шақырды. Сол кезде әлемнің әр түкпірінен 5-6 блогер барса, Қазақстаннан 20 адам шақыртылды. Өйткені, бізде аудиториясы 5 млн адамнан асатын 20 блогер бар деген сөз. 52 млн оқырманы бар Алина «Хомяк» Канды білетін шығарсыз. 10, 20 млн оқырманы бар блогерлеріміз де бар. Бірақ, бұл – жетістік шыңы емес. Қолдау болса, ондай блогерлердің санын әлі де көбейтуге болады. Оқырманы саны 10 млн адамнан асатын 100 блогеріміз болса, Қазақстан Tik-Tok-тің дүние жүзіндегі орталығы болар еді.
- Қолдау дегенде, мемлекеттен көмек керек пе?
- Ең бірінші, бүкіл Tik-Tok блогерлердің басын қосатын орталық болу керек. Екіншіден, маңызды деген шарлардың бәрінде Tik-Tok блогерлер жүру керек. Мысалы, Қытайдан Қазақстан мен Әзербайжан арқылы Еуропаға тауар тасымалдайтын «Бір белдеу – бір жол» халықаралық дәлізінің әлеуетін, Қазақстанның маңызын халықаралық тасымалдаушылар мен өндірушілерге насихаттау ісін журналистерге ғана жүктеп қоймай, аудиториясы әр түрлі 10 блогерді тартуға болады. Олар дәліздің басынан аяғына дейін жүріп шығып, бір-бір ролик жарияласа, дүние жүзі балама маршрут ретінде біз арқылы сауда жасауға көшуі мүмкін, яғни Tik-Tok – бос уақыт өткізетін дүние ғана емес, экономиканы дамытудың қосалқы құралы.
- Қазақ тілді Tik-Tok әлеміндегі пайдалы контенттің үлесі қандай, артып келе ме жалпы?
- Өте баяу.
- Пайызға шақсақ?
- Пайызбен айтсақ, ойын-сауық контенті 95 пайызды алып тұр. Қалған 5 пайызы ғана – пайдалы контент. Оның жартысы химияны Tik-Tok арқылы дәріптеп жүрген Ұлан мен қазақ тарихын насихаттаушы Нұрқожаға тиесілі. Сондықтан пайдалы контент жасаушыларға нұсқау, кеңес, көмек керек. Біз де Tik-Tok-хаус ретінде көмектесеміз. Бірақ олар да тапсырыс алып, пайда тапқысы келеді. Ал пайдалы контент коммерциялық нарықта трендте емес. Сондай қиындықтары бар. Тіпті мемлекет белгілі бір тізіммен тапсырыс беріп отыру керек шығар. Тым болмағанда мемлекет пайдалы контентке деген бастапқы сұраныстарды қолдан туғызып бере алады.
- Tik-Tok блогерге қажет басты қасиет не? Трендтерді алдын ала бағамдай білу үшін не істеу керек?
- Ең керек қасиет – еңбекқорлық. Күн сайын кемінде үш ролик шығарып отыру қажет. Сол ролик негізінде кері байланысқа шығу, әр роликтің кемшілігін келесі роликте қайталамау – оның бәрі көп жұмыс. Сондықтан қазір тек еңбекқор балалар жетістікке жетіп жатыр. Ал жалқаулар алысқа бармайды. «Жеп-жеңіл екен ғой» деп жүргендер болған. Олар сол орнында қалып қойды да, тынымсыз еңбектенгендер суырылып шықты.
- Бізде кез келген салаға мемлекет киліксе, даму баяулайды дейтін пікір бар. Ал сіз керісінше қолдау керек деп отырсыз. Өзіңіз атаған блогерлер осыған дейін де мемлекет қолдауынсыз жетістікке жетті ғой.
- Егер ол болмаса, аудиториясы кең блогерлер шетелге кете бастайды. 5-6 мың доллар айлық ұсынып өздеріне әкетуі мүмкін. Сондай болмау үшін кемінде бір жылдық келісімшарттар болу керек. Бұл жерде мен қазір өз аудиториясын қалыптастырған, нарықта аты бар блогерлерді қолдаңыздар деп отырған жоқпын. Біздің өңірлерде небір креативті жастар бар. Солардың бәрі аты шыға бастаса Алматыға ұмтылады. Ал Алматыда бәріне жұмыс, тапсырыс жетпейді. Сондықтан әр өңір өз аумағында Tik-Tok-хаустарды дамыту керек. Ал менеджмент дұрыс жасалмаса, тапсырыстың бәрі көлеңкелі арнамен кете береді. Біз о баста жеке кәсіпкерлік ашқызып, сол арқылы келісімшарт жасап отырдық. Ол кезде түсінбеген, қазір рахмет айтады. Өйткені, кез келген тапсырыс беруші ресми реквизиттері бар тұлғамен жұмыс істегенді құп көреді. Айналымың ашық болмаса, салмақты тапсырыс беруші сенімен жұмыс істемейді.
- Ал Tik-Tok-контентті экспорттау деген қалай ұйымдастырылу керек?
- Мысалы, бізде Малайзияның тауары көп дейік. Сыртқы істер министрлігі арқылы сонда барып, нақты ұсыныстар беруге болады.
- Бір блогер халықаралық деңгейде сұранысқа ие контент таратушыға айналу үшін қанша уақыт керек?
- Кемінде үш жыл қажет. Қазір осы бағытта жұмыс бастасақ, алдағы 3 жылдың ішінде блогер жинаған аудиторияны мұнай сияқты сатуға болады. Ал 10 жыл бойы мемлекет пен креативті жастар бірлесіп тынбай жұмыс істесе, әлем бойынша бірінші орынға шыға аламыз.
- Халықаралық деңгей дегенде Tik-Tok-ты қай тілде жүргізу керек?
- Әлемдік деңгейді көздесеңіз, сөзсіз контент болу керек. Өйткені, сөз болған жерде тілдің барьері шығады. Мысалы, афроамерикалық Хаби Лейм сөйлемей-ақ әлемге танылды ғой.
- 20 млн халықтың ішінде 14 млн Tik-Tok пайдаланушының болуы қазақстандықтардың қолы бос деген сөз емес пе?
- Жоқ. Біздің халық табысқа жылдам жетудің балама жолын көп іздейді. Tik-Tok-ты да сондай балама жолдың бірі деп сенетіндер көп. Өйткені, соған дәлел бола алатын мысалдар арамызда жетіп жатыр. Жалпы жетістікке жетудің 5-6 әлеуметтік лифті болса, Tik-Tok жетіншісі бола білді. Дәл өзіндей замандасының жетістігін көрген соң, «Маған неге солай етпеске?» деп қызығатындар көп. Әрине, оның жаман жағы да бар – түрлі курс сататын алаяқтар пайда болады. Елдің назары ерекше екенін көріп, Tik-Tok-тан табыс табуды үйретушілер көбейеді деген сияқты. Осы орайда, оқырмандарыңызға бір маңызды кеңес айтқым келеді: Ешқашан ақылы курстарды сатып алмаңыз!
- Tik-Tok-тан ба?
- Кез келген әлеуметтік платформадан ақылы курс алмаңыз. Өйткені, ең құнды сабақ – әркімнің өз тәжірибесі.