Ақылы жолдарда нөмірін жасырған жүргізушілердің 2 мыңға жуық дерегі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ақылы автожолдарда мемлекеттік тіркеу нөмірлерін әдейі жасыру немесе жалған нөмір пайдалану деректері көбейген.

Фото: ҚазАвтоЖол

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерінде осындай 1942 құқық бұзушылық анықталған.

Компания өкілдері мұндай әрекеттер көбіне жол ақысын төлеуден жалтару және автоматты бақылау жүйелерін айналып өту мақсатында жасалатынын атап өтті.

– Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасыру немесе жалған нөмір пайдалану қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келеді және жол-көлік оқиғалары кезінде көлік құралын сәйкестендіруді қиындатады, – делінген хабарламада.

«ҚазАвтоЖол» мамандары ақылы жолдарда тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.

Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша материалдар ішкі істер органдарына және патрульдік полиция бөлімшелеріне заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін жолданады.

Құқық бұзушылықтардың қатарына өзге көлікке тиесілі мемлекеттік нөмірлерді пайдалану, жалған немесе өзгертілген нөмір орнату, сондай-ақ тіркеу нөмірін тануға кедергі келтіретін арнайы құрылғыларды қолдану жатады.

– Мұндай құралдардың қатарында арнайы үлдірлер, жапсырмалар, перделер, айналмалы механизмдер, электронды панельдер және өзге де құрылғылар бар, – деп нақтылады ұлттық компания.

Ведомство жүргізушілерге мемлекеттік тіркеу нөмірлері әрдайым таза, анық көрінетін және белгіленген орынға орнатылуы тиіс екенін ескертті.

Оқылмайтын немесе талаптарға сәйкес келмейтін нөмірлер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ал жалған нөмірлерді пайдалану немесе нөмірді жасыруға арналған құрылғыларды қолдану бұдан да қатаң жазаға, соның ішінде көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкелуі мүмкін.

– Жүргізушілерді заң талаптарын сақтауға, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасырмауға және ақылы автомобиль жолдары үшін төлемді уақытылы төлеуге шақырамыз, – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.

Айта кетейік, «Астана қаласының айналма жолы» автожолының учаскесінде қозғалыс уақытша шектеледі.