Ақылы жолдардың жөнделіп жатқан учаскелері үшін төлем алынбайды – Көлік министрлігі

Фото: Фото: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда қауіпсіздік пен көлік қозғалысының үздіксіз іске асырылуына кері әсер ететін ақаулар анықталған жағдайда, тұрғындар мұндай жол учаскелерімен жүріп өткені үшін жол ақысын төлеуден босатылады.

ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл норма төлем алу қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасында қарастырылды.

Егер ақылы автожолда жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін және жөндеуді талап етіп тұрған жол учаскесі болса, дәл сол аралық үшін жөндеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін төлемақы алынбайды.

Мысалы, егер ақылы жол учаскесінің жалпы ұзындығы 100 шақырымды құраса, оның 5 шақырымы жөндеуді талап етсе, онда жол бойындағы ақаулар жойылғанға дейін жүргізушілер тек 95 шақырым жол үшін ғана ақы төлейді.

Бұл өзгеріс биылғы маусым айынан бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Осыған дейін Көлік министрлігі биыл 2 350 жүк вагон сатып алынып, қажеттілік толығымен жабылатыны туралы хабарлаған болатын.