Б. Сағынтаев осы жоба аясында тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 333 жобаға өтініш берілгенін айтты.
2020 жылы жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын 55 жоба іске асады.
«Бүгінгі эфирді пайдаланып, алматылықтарды «Бюджетке қатысу» жобасына белсенді қатысуға шақырамын. Келер жылы орындалатын жобаларға да іріктеу жүргізіледі. Қазіргі кезде өтініштер қабылдануда. Өздеріңіздің аулаларыңыз бен ықшамаудандарыңызда қандай жобаны жүзеге асыру қажеттігін өздеріңіз шешетін боласыздар», - деді Алматы әкімі.
Былтыр әр ауданға 500 миллион теңгеге қаражат қарастырылған болатын. Бүгінде «Бюджетке қатысу» жобасының сомасын екі есе көбейту мәселесі қарастырылып жатыр.