Әкім қарамағындағыларға халықпен етене араласу керектігін айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Медеу ауданы әкімі Ержан Жылқыбаев қоластындағыларға кабинетте отыра бермей, халық арасына шығуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол бүгін Медеу ауданы тұрғындарының көшпелі  кездесуінде мәлімдеді. Осы уақытқа дейін 200 мыңға жуық тұрғын түрлі проблемалармен әкімдікке жүгінген. Көбіне халық жол мен жарықтандыру мәселелерімен келеді екен.

«Жол жабындысын жөндеу өтініші қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жіберілді. Бұл мәселе 2018 жылы шешімін табады. Медеу ауданында 120 аула жабдықталды, оған 1,8 млн теңге жұмсалды. Алатау шағын ауданында 7 аула жасалды. Мұнда жаңа спорттық алаңдар салынды», - деді Жылқыбаев.

Айта кету керек, Медеу ауданы әкімінің көшпелі жиыны 5-рет өткізіліп отыр. Көшпелі жиын өткізілгеннен бері 1 мың азамат шағымданып үлгерген. Сауалдардың 90 пайызы шешімін тапты.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру аясында бірқатар мәселелер талқыланды. 

Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2016 жылы 8 ақпанда орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

«Барлық деңгейдегі әкімдер  жыл  сайын,  бірінші тоқсан ішінде халыққа есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақтарды дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, оны әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы хабардар етсін»,- делінген болатын жарлықта.