Әкім соққыға жыққан бала ауруханадан шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров соқты деп айтылған мектеп оқушысы ауруханадан шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ол Астанадағы №2 қалалық ауруханадан 3 наурыз күні шығарылған. Бұл туралы медицина мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров мектеп оқушысын соққыға жығып, жасөспірімнің миы шайқалып, ауруханаға түсуіне себепші болды деген күдікке ілінген. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Баланы анасының айтуынша, Диас өзінің інісін ренжіткен әкімнің баласымен тәжікелесіп қалған. Осы сәтте әкімнің өзі келіп Диасты соққыға жыққан.

Қазір аталмыш мәселеге қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Жанат Омаров болса жасөспірімді теппегенін айтып ақталған.