Қаламгердің оқырмандармен кездесу кешін ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор, опера әншісі, Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай жүргізеді.
Әкім Ысқақтың әндері шырқалып, өлеңдері оқылады. Әкім Әбдіқайымұлының ақындық қасиетімен бірге композиторлық қабілеті де ерекше, оның әндері бүгінде елімізге кеңінен таралып кетті. Соның ішінде оның:
«Бұл фәниде қашанда-ай өмір қымбат,
Өмір қымбат, адамдық сенім қымбат.
Байлығың да, дүние, бәрінен де
Көңіл қымбат, көңіл қымбат»,-
деп шырқалатын әні өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Сонымен қатар осы кеште қаламгер студенттердің және оқырмандардың сұрақтарына жауап береді деп күтілуде.
Сондай-ақ осы кеште Ә. Ысқақтың Қазақ радиосындағы авторлық радиохабарларына арналған «Көңіл қымбат» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтеді.
Бұл шараны Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.
Шығармашылық кеш аталған университеттің Президент залында сағат 17-00-де басталады. Келемін деушілерге есік ашық.