Әкімдер ҚР «Білім туралы» Заңының нормаларын орындамайды

None
АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - Кейбір жергілікті билік органдары ҚР «Білім туралы» Заңының жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету туралы нормаларын мүлдем орындамайды.

Бұл туралы бүгін Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 34 мыңнан астам жетім балалар тіркелген. Олардың 24 мыңға жуығы асырап алушылар мен қамқоршылардың отбасында тәрбиеленуде. Қалған 11 мыңдайы білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының интернаттарында өмір сүруде.

Жетім балалардың 5 мыңнан астамының ғана басында үйі болса, қалған 27 мыңы баспанаға зәру. Балалар үйлерінде тәрбиеленетін 11 мың жетім баланың тек 696-сында ғана (6,4 пайыз) мұрагерлікпен немесе үлес ретінде қалған баспаналары бар. яғни балалар үйінің тәрбиеленушілерінің 10 мыңнан астамының басында пана жоқ деген сөз. Р. Шердің айтуынша, бұл балалар кәмелеттік жасқа толып, үлкен өмірге араласқан кезде, үлкен проблемаға тап болулары мүмкін.

«Соңғы 7 жылда балалар үйлерінен 14 376 түлек шықты, олардың 849-ы баспаналы болды. ҚР Статистика агенттігінің деректері бойынша, 2006 жылдан бері елімізде 384 мыңнан астам пәтер қолданысқа берілген, ал ондағы балалар үйлерінің түлектеріне тиген үлес небары 0,2 пайызды құраған. ҚР «Білім туралы» Заңында жергілікті атқарушы органдардың жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен мүндетті түрде қамтамасыз етуі туралы нормалар қарастырылған. Алайда бұл норма бүгінде мүлде жұмыс жасамайды. Сондықтан да балалар үйлерінің түлектеріне берілген пәтер саны баспанаға зәрулердің санымен салыстырғанда өте мардымсыз болып отыр», - деп атап өтті ол.