«Әкімдер машинаға таласып қалды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәурідің 13-і. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 13-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Үкіметтің кешегі селекторлық отырысы жағымды жаңалықпен басталды. Елімізде жақын күндері Жапонияның Suzuki көліктерін құрастыратын зауыт салынбақшы екен. Бұл жаңалықты Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев жария етті. Тек жаңалықтың жетістігі жырланып, отырғандар мәре-сәре болып жатқанда күтпеген жерден екі бірдей облыс әкімінің арасында дау туындаған. Дау неден басталды? Егжей-тегжейін «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Әкімдер машинаға таласып қалды» атты мақаладан оқи аласыздар.

Қазақстан БҰҰ-ның босқындар мәртебесі туралы конвенциясына 1998 жылы қосылып, 2009 жылы «Босқындар туралы» заң қабылдады. Яғни босқын атанған шетел азаматтарын заңға сәйкес, елімізге қабылдай аламыз. Қазірдің өзінде Қазақстандағы ресми тіркелген босқындардың негізгі бөлігін Ауғанстан, Шешенстан, Тәжікстаннан келгендер құрайды екен. Орталық Азия мемлекеттерінде, соның ішінде Қырғызстанда саяси тұрақсыздық орын алып, әлеуметтік жағдай ушығып тұр. Осындай жағдайларды көзімен көрген азаматтар орын алып отырған саяси ахуалдар өмірлеріне қауіпті екенін айтуда. Егер бауырлас халықтар бастарына түскен ауыртпалықтарды көтере алмай, Қазақстанды пана тұтқысы келсе, оларды бауырымызға басып, халқымыздың санын арттыруға бола ма? Осы мәселе төңірегінде ел ағалары не дейді? «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «ой-көкпар» айдарына назар аударыңыз.

«Шетелдік инвесторлар бұзған келісімшартты біз де бұза аламыз». Осы тақырыппен берілген «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала мұнай және газ министрлігі 34 қазба байлықты игеруші және алты мұнай-газ компаниясымен арадағы келісімшартты бұзатындығын жазыпты. «Аталған министрліктің жауапты хатшысы Қанатбек Сафиновтің айтуынша, олар осы мағынадағы хатты таяу арада тағы да 120 компанияға жолдамақшы. Оған басты себеп - шетелдік инвесторлардың қолға алған жобасындағы қазақстандық қамту бойынша талапты орындамай, ел заңын белден басып, бассыздыққа жол беруі»,-дейді басылым.

***

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сенбі күні кеш әлетінде Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обаманың ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған жаһандық саммитке арнайы шақыруы бойынша осы елдің астанасы Вашингтонға келді. Жексенбі күні Елбасы Барак Обамамен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың келелі мәселелерін талқылады. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Елге - абырой, ерге - мерей» атты мақала Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына болған сапарына кеңінен тоқталыпты. «Мемлекет басшылары Қазақ­стан мен АҚШ-тың көпжоспарлы қимыл-әрекетін кеңейту мәселесін талқылай келе, осы мәселемен тұрақты айналысатын жұмыс ко­миссиясын құру туралы келісімге келді. Бұл комиссияға екі ел сыртқы саясат ведомстволары бас­шыларының орынбасарлары жетек­шілік ететін болады.Кездесу барысында Ауғанстандағы жағдай, Орталық Азия мен Еуразиялық кеңістіктегі оқиғалар барысы туралы нақты әң­гі­мелер болды. Бұл әңгіме Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы төңірегінде де өрбіді. АҚШ Президенті Қазақстан­ның өңірлік тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жө­нін­дегі күш-жігері мен жүргізіп жат­қан жұмыстарына қолдау білдірді»,-деп жазды басылым.

Аталған тақырыпты арқау еткен мақаланы «Айқын», «Астана ақшамы», «Алаш айнасы» газеттерінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген келесі мақала «Әдебиетке жауынгер шинелімен келген» деген атпен беріліпті. Мақала қазақтың белгілі жазушысы Сәуірбек Бақбергенов туралы толғайды.

***

«Кеше Төтенше жағдайлар министрі мұны журналистерге қатаң ескертті. «Мен мынаған назар аудартқым келеді: сендердің бәрің ақылдысыңдар ғой, кімнің неге жауап беретіндігін оқыңдар! - деді осыған қатысты сұрақ қойған біздерге Төтенше жағдайдар министрі. - Су қоймаларына, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды бақылауға Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап береді! Олардың құрылысына Құрылыс комитеті жауап береді. Ал мен төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға және азаматтық қорғанысқа жауап беремін!» деп шарт түйді Божко мырза. Бұл «сен салар да, мен салар» дегеннің өзі емес пе?»- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Бұл туралы толығырақ газеттегі «Қызылағаш қырғыны» үшін Божко жауап бергісі келмейді» атты мақаладан оқи аласыздар.

«Арзан несиені алуға жеткізетін жол табылды». Осы тақырыппен берілген «Айқын» гезетіндегі келесі мақала Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына болған сапарына назар аударыпты. «Бұл сапар Үкімет тарапынан жылда бөлініп келе жатқан қыруар қаражатты ауылға жеткізуге бағытталған пилоттық жобаның тұсаукесері іспетті болды»,-дейді басылым.

Сондай-ақ «Айқын» газетінің дәстүрлі «Қазақтың салты» айдарында қазақтың тұрмыс саласындағы кейінгі уақытқа дейін кеңінен пайдаланып келген тұрмыс құралдарының бірі - келі мен келсап таныстырылыпты.

***

Кеше - ғарышкерлер күнінде «Қазақстанның ғарышты игеру дәуірі: қазіргі жағдайы, стратегия, инновациялар» тақырыбында коференция өтті. «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Ғалам кілті - ғарышта» атты мақала осы шараға тоқталыпты.

«Қырғыз еліндегі қиямет». Осы тақырыппен жарық көрген «Астана ақшамы» газетіндегі келесі мақала көрші елде болып жатқан келеңсіздікке кеңінен тоқталыпты. «Көктемде қырғыздар атқа қонды. Басып алмақ бағыты - басқа емес, бас орда. Резиденция. 2005 жылдың наурызында солай болған, 2010 жылдың сәуірінде тағы солай. «Халық қозғалса, тұра алмайды хан тағында-ай» демекші, Қырғызстан президенті лауазымында Асқар Ақаевтың ізін басқан Құрманбек Бакиев биліктен кетерде де «ізашарының тәжірибесін» қайталады»,-деп жазды басылым.

«Соңғы жылдары ТМД аумағында болған жол-көлік оқиғаларының салдарынан ажал құшқандардың саны он жылға созылған Ауғанстан соғысында қаза тапқан жауынгерлер санынан асып кетті. Осыған қатысты көрсеткіштердің басым көпшілігі біздің елдің еншісінде»,-деп жазған «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Жолаушылар тасымалының жауапкершілігі» атты мақала жол апатының орын алуындағы мәселелерге жауап іздептті.

***