Әкімдер мен жергілікті қауымдастыққа қосымша функциялар беруге бағытталған заң қабылданды
Қабылданған Заң Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 97-98 қадамдарын жүзеге асыруға бағытталады.
Атап айтқанда, Ұлт жоспарына сәйкес, ауыл әкімдеріне және жергілікті қауымдастықтың жиналысына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу бойынша қосымша функциялар беру туралы айтылған. Бұдан бөлек, жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджетін кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ, азаматтарды жергілікті бюджеттің жобасын қалыптастыру мен оның орындалуын талқылауға қатыстыру туралы тапсырмалар жүзеге асатын болады.
Осы міндеттерді шешу бойынша құжатта тұрғындардың жергілікті маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беруге, сондай-ақ жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешу үшін әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кезең-кезеңімен және рет-ретімен бекітуге бағытталған нормалар қамтылған. Бұл ретте заң арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі мен оның жұмыс істеу тәртібі енгізіледі. Аталған кеңес бір немесе бірнеше сайлау округінің шекараларында құрылатын қала әкімінің халықпен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңыздағы қала және астананың әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болмақ.
Бұдан бөлек, тұрғындардың жергілікті маңыздағы мәселелерді шешудегі рөлін арттыру және оларды сапалы шешуі үшін жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарында талқыланатын мәселелердің тізбесі кеңейтіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына нақты қаржылық және материалдық ресурстарды беру мақсатында жер учаскесі аудандық маңыздағы қалада, ауылда, кентте тіркелген заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, көлік құралдары салығы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына трансферттер түрінде түсетін тізбе бекітіледі.
Сондай-ақ, құжат арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың қаражаты есебінен алынған мүлік аудандық маңыздағы қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі аппаратының балансына бекітіліп берілетіндігі қарастырылған.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.