«Коронавируске байланысты карантин кезінде қала тұрғындарының арасында жұмыспен қамту мәселесі шиеленісе түсті. Көптеген адамдар ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болса, енді біреулер жұмысынан айырылды. Демек, өмір сүретін қаражатсыз қалды. Мемлекет тарапынан оларға көмек ретінде жәрдемақы төленеді. Бұған қоса біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске қоспақпыз»,– деп жазды Алматы әкімі Instagram –дағы парақшасында.
Сондай– ақ ол мегополисте бірқатар әлеуметтік нысан салынатынын атап өтті
«Қала тұрғындары жұмыспен қамтылады. Олар мектеп пен балабақшалардың құрылысына, аурухананы кеңейту жұмыстарына тартылады. Бұдан өзге сумен жабдықтау желілерін жүргізіп, жолдар мен аулаларды ретке келтіру, скверлер мен саябақтарды абаттандыруға қосымша күш қажет»,–деп жазды Б.Сағынтаев.
Жалпы әкімдік 214 инфрақұрылымдық жобалардағы жұмысқа шамамен 26 мың қала тұрғынын орналастыруды жоспарлап отыр. Жалақының орташа мөлшері 120 мың теңгені құрайды.