Әкімдік Алматыны карантинге жабу туралы: Ешкімге рұқсат берілмейді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов дәрігерлер, журналистер, әкімдік қызметкерлері сияқты шұғыл қызмет өкілдері қалаға кіре алмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ешқандай рұқсат қағазы болмайды. Комиссия қалаға маңызды жүк таситын көліктер мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін көліктердің кіруіне ғана рұқсат беретін болады. Қала жабық болуы тиіс. Ешкімге рұқсат берілмейді. Карантин талабы –осы. Біз бұл вирусты осы қалада жеңуіміз керек», - деді ол.

Оның айтуынша, бүгін түнде автокөлік пен автобустарға кіруге, шығуға тыйым салынады.

«Тек арнайы қызмет өкілдері ғана кіріп шығады. Бізде қоқыс полигоны Қарасай ауданында орналасқан. Сол жаққа қоқыс таситын 330 көлік шығарда кірерде санитарлық өңдеуден өтеді. Олардың барлығын жол патруль көліктері алып жүреді. Мұндай арнайы қызмет жұмыс жасамаса қаланың тіршілігіне нұқсан келеді. Қазір бізге инкассация көліктері жүгініп жатыр. Олардың да қызметі қаржыға байланысты болғандықтан, маңызды болып отыр. Оларды да өткізетін боламыз. Алайда олардың барлығы 27 блок постта санитарлық өңдеуден өтетін болады», - деді ол.

Ал темір жол және авиа байланыс 22 наурызда түнгі 00.00-ден бастап жабылады.

«Бұл шешім бізге оңайшылықпен беріліп жатқан жоқ. Қаншама мүмкіндігі шектеулі адамдар, қариялар, балалар бар билет алған. Бүгін мемкомиссия барлық өңірлік әкімдерге Алматы мен НұрСұлтаннан шыққан адамдарды арнайы зарарсыздандыру құралдарымен және дене қызуын тексеру арқылы қабылдауға нұқсау берді», - деді Ерлан Қожағапанов.


Соңғы жаңалықтар