Әкімдіктер 40-қа жуық медициналық нысанды жеке қолға бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті жерлердегі әкімдіктер 39 медициналық нысанды жеке қолға сенімді басқаруға бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің атап өткеніндей, сенімді басқаруға берілетін барлық нысандар денсаулық сақтау нысандарына жатуы тиіс, қызметті кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында беруі қажет, сонымен қатар өзінің салалық бағытын сақтап қалуы керек.

Нақты қандай нысандар жеке басқаруға берілетінін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлаған жоқ.

Қазіргі уақытта сенімді басқаруға Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлығы 9 нысан беріліп отыр. Оның ішінде Ақтөбе облысындағы қалалық жедел-жәрдем медициналық көмек көрсету облыстық стансасы, Жамбыл облысында 7 нысан: тері-венерология ауруларының облыстық диспансері, облыстық офтальмологиялық орталық, облыстық тіс емханасы, №2 және №7 қалалық емханалар, хоспис ашу мақсатында облыстық онкологиялық диспансердің ғимараты және Тараз қаласының №6 емханасы бар. Алматы қаласында сенімді басқаруға №18 қалалық емхананың филиалы берілді.