Әкімдіктер субсидия бөлу мәселесіне келгенде сыннан, кез келген өзгерістен қорқады - А. Мамытбеков

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялаудағы әкімдер қызметіне,

егер олар субсидияның басым бөлігін әлі де астық өндірісіне беретін болса араласпақ. Бұл туралы бүгін мал азығын өндіру мәселесіне арналған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асылжан Мамытбеков айтты.

«Әкімдер неліктен азықтық дақылдарға субсидия бөлмей, астық өнідірісін субсидиялауды жалғастырып отыр? Өндірісті кім әртараптандыратын болады? Біз солтүстіктегі суармалы жерлерді пайдаланып отырған жоқпыз. Ол жақтан біз қалайша жақсы жемдік өнім алмақпыз? Оңтүстікте суармалы жердің 86 пайызы пайдаланылады. Бірақ, ол жерлерге бидай өсіреді. Елімізде оның өндірісі артылып отырғанда бұл астық кімге керек. Біз суармалы жерлер алқабын арттыру жоспарын құрып әлекпіз. Ал бізде қазірдің өзінде 1,5 млн. гектар суармалы жер тиімсіз пайдалануда», - деді А.Мамытбеков.

Министрдің атап өтуінше, мемлекет бюджетінен 1 гектар өсімдік шаруашылығына бөлінетін 18 млрд. теңге субсидияның 80 пайызы астыққа кетеді. «Бұл ретте біздер әр кезде де артық өнім туралы айтып, көлік шығынын субсидиялауымызға тура келеді, элеваторлар мен вагондар жетіспейді. Ал келесі жағынан егістік жерлердегі астыққа субсидия бөлуді жалғастыра береміз. Тіпті, тәуекелі жоғары, қажеттілік жоқ аудандарда да»,- деді ол.

Ведомство басшысы субсидияны басқа дақылдарға беру қажеттілігі туындап отырғандығын баса айтты. «Неліктен біз тәуекелі өте жоғары батыс облыстарда суармалы жерлерде өсетін бидайға субсидия беруіміз керек? Тіпті арпа, сонымен қатар сұлы барынша құрғақшылыққа төзімді ғой. Онда неге субсидияны осы дақылдарға бермеске. Жоқ, әкімдіктер сыннан, кез келген өзгерістен қорқады»,- деді министр.