14:03, 17 Наурыз 2009
Әкімдіктер тиісті мемлекеттік органдарға тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын жөндеуіне қатысты қажеттіліктер туралы мәлімет беруі тиіс - С. Ахметов
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Наурыздың 20-сына дейін әкімдіктер тиісті мемлекеттік органдарға тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы нысандарын жөндеуіне қатысты қажеттіліктер туралы мәлімет беруі тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бұл нысандардың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттары болуы қажет. Осы бағытта жобаларды іріктеу талаптары ретінде еңбек қарқындылығының деңгейі, қаржыны жұмсау тиімділігі, сондай-ақ қазақстандық үлес және жергілікті бюджеттерден қосымша қаржыландыру шарттары кіреді.
«Мемлекеттік органдар, яғни Индустрия және сауда, Энергетика және бюджеттік жоспарлау, Ауыл шаруашылығы министрліктері наурыздың 20-сына дейін мәліметтерді жинақтап, өздерінің салалық қорытындыларын жасап, оларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберуі тиіс», - деді С. Ахметов.
Сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі наурыздың 30-ына дейін бағдарламалар әкімшілері мен облыстар арасында мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны орналастыру бойынша ұсыныс әзірлеп, нысандардың тізімін ведомствоаралық комиссияның қарауына жолдауы керек.
Өз кезегінде ведомствоаралық комиссия аймақтар үшін қаржыландыру лимиттерін қарастырып, бекітеді.
С. Ахметовтың сөзіне қарағанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бөлінген бюджет қаржысын бағдарламалар әкімшілері арасында орналастырады, ал бағдарламалар әкімшілері бюджет қаржысын аймақтарға бағыттайды.
«Өз кезегінде әкімдіктер бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, жұмыс орындарын көптеп құруы тиіс. Ал оларда отандық тауарлар мен қызмет көрсету үлесі жоғары болуы қажет», - деді ол.