Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында Құрылыс істері және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында Агенттік төрағасы былтырғы жылы тұрғын үй-коммуналдық саладағы мәселелерді реттеуге бағытталған заң қабылданғанын, құжатта басқа да нормалармен қоса аз қамтылған азаматтарды баспанамен қамтудың жаңа тетігі қарастырылғанын атап өтті. Осы норманың тезірек жүзеге асуы үшін Үкімет тарапынан тұрғын үй көмегін беру туралы Ереже де бекітілген. Осы Ереже негізінде мәслихаттар өздерінің өңірлік ережелерін де қоса бекітулері тиіс екен. «Алайда, бүгінгі күні бұндай ереже тек Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғана жүзеге асып отыр. Сонымен бірге, заң бойынша тұрғын үй инспекцияларын құру мәселесі де қарастырылған еді. Бұндай инспекциялар жалпы үй мүліктеріне қатысты жөндеу жұмыстарының шығыстарын, сметалық құжаттарды бекітіп берулері тиіс болатын. Онсыз ешқандай да жұмыстар алға жылжымайтыны анық. Алайда, әлі күнге дейін еліміздің бірқатар өңірлерінде бұндай инспекциялар құрылған жоқ. Сондықтан да, өңір әкімдіктері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты жаңа ережелерді бекітуді және тұрғын үй инспекцияларын құруды жылдамдатулары қажет деп есептейміз», деді С. Нокин.