Әкімдіктер түрмеден шыққан азаматтарды қоғам өміріне бейімдеуге жауапты екендерін білмейді де - «Халықаралық түрме реформасы» ұйымы

None
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Түрме жүйесін әлеуметтік жағынан реформалау: жұмыспен қамту, реинтеграция және білім беру» тақыбырындағы форум басталды. Аталған жиын «Халықаралық түрме реформасы» (Penal Reform International) ұйымының «Түрмеден шыққан азаматтардың қайта бейімделуі» атты екі жылдық жобаның қорытындысына арналып отыр.
Ұйымның аймақтық директоры Сәуле Мектепбаева атап көрсеткендей, 2010 жылы түрмеден шыққан азаматтарды қайта бейімдеу (ресоциализация) міндеті жергілікті билік органдарына жүктелген болатын. «Біз екі жыл бойы көптеген әкімдіктермен жұмыс істеп көрдік. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі аталған міндетті атқарғаннан бұрын ол туралы білмейді де. Себебі барлығы бірдей бүгінгі заңнамамен таныспаған», - дейді С.Мектепбаева. Оның айтуынша, қазіргі кезде ұйым «Жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны даярлап жатыр. «Жалпы, бұл мәселені мемлекеттің бөлек бір саясаты ретінде қалыптастыру қажет. Өйткені ол Қазақстанның бүгінгі жұмыспен қамту жүйесін айтарлықтай күшейте алады», - деп атап көрсетті «Халықаралық түрме реформасы» ұйымның аймақтық директоры Сәуле Мектепбаева.