Әкімдіктер жер телімін жалға алу келісімшартын біржақты тәртіпте бұзу құқығына ие болуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Өңірлік даму министрлігінің бастамасы бойынша жер заңнамасына енгізілетін нормалар шаруашылық субъектілері жалға алу талаптарын орындамаған жағдайда әкімдіктерге біржақты тәртіпте келісімшартты бұзуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгі депутаттардың қатысуымен жер заңнамасын талқылауға арналған жиында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

«Бұл норма жер учаскесін ықтиярсыз тәркілеуді жеңілдетудің маңызды тетігі болып табылады. Ол өз кезегінде жер заңнамасымен бекітілген міндеттерді орындамаған жағдайда жалға алу келісімін жергілікті атқару органдарына біржақты тәртіпте бұзуға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Сонымен қатар Қ. Өскенбаев жер телімін жалға алу келісімінің типтік формасы әзірленетінін және ол Үкімет қаулысымен бекітілетінін атап өтті.