Әкімшілік айыппұлдардан жалтарғандардың шетелге шығуларына тыйым салынуы мүмкін

АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат - Бірнеше мәрте әкімшілік айыппұлдардан жалтарғандардың енді шетелге шығуларына тыйым салынулары мүмкін.

Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Марат Ахметжанов мәлім етті.

 «Өткен жылы әкімшілік тәжірибе субъектілері 2 млн. 700 мың құқық бұзушылықты есепке қойды. Осы құқық бұзушылықтың (2,3 млн.) басым бөлігін ішкі істер органдары анықтады. Соттар 87 мың адамды әкімшілік айыпқа тартты»,-деді төраға. Оның сөзінше, құқық бұзушылықтың көбісі көлік саласында тіркелді.

 «Жалпы  әкімшілік тәжірибе субъектілері 2011 жылы 102,4 млрд. теңгеге айыппұл салды. Оның ішінде тек 29 млрд. теңгесі ғана немесе 28 пайызы төленді»,-деді комитет басшысы. Бұл айыппұлдардың басым бөлігі жалған кәсіпорындарға байланысты.

 Осы орайда ол аталған әкімшілік айыппұлдардың орындалуы тәртібін жетілдіру мәселесі көлдеңінен қойылғанын жеткізді.

 «Әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтарған азаматтарға қатысты жоба енгізіп отырмыз. Қазіргі кезде бізде әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде мәліметтер базасы бар.  Бұл айыппұлдарды төлетуге байланысты сот қаулыларын орындауды ынталандыру үшін пайдалануы мүмкін»,-деді ол.

М. Ахметжановтың айтуынша, дамыған елдердегі секілді бірнеше мәрте әкімшілік айыппұлдарды орындамағандар шетелге туристік немесе коммерциялық негізде шығарылмауы ықтимал. Бұл шаралар тек сот қаулыларын орындамай келген құқық бұзушыларға қатысты қолданылуы мүмкін.

«Осы мәселе бойынша біздің ұсыныстар жасалды. Әділет министрлігінде оны заңнамалық қалыпқа келтіру қарастырылуда»,-деп түйіндеді комитет басшысы.