Әкімшілік құқықтық реформаларсыз сапалы құқық қорғау жүйесін құру мүмкін емес - И. Рогов

АНА. Сәуірдің 12-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әкімшілік құқықтық реформаларсыз сапалы құқық қорғау жүйесін құру мүмкін емес.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік әділеттің қалыптасу мәселесі» атты тақырыпта өткен халықаралық конференция барысында ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің әкімшілік құқықты дамыту және жетілдіру шаралары Мемлекет басшысы жақында бекіткен құқықтық саясат тұжырымдамасында ерекше өзекті мәселе ретінде қарастырылып отыр. Сонымен бірге, Елбасының жолдауында жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін жаңа сапалы құқық қорғау жүйесін құру жөнінде міндет жүктелген болатын. Ал ондай міндеттерге әкімшілік құқықтық реформаларсыз қол жеткізу мүмкін емес», деді И. Рогов.

Оның айтуынша, Қазақстанда мамандандырылған әкімшілік соттар құрылғанымен де, бұлар әкімшілік құқықтық дау-дамайларды қарастырмайды, тек әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мәселелерді қарап, сол бойынша өз үкімін шығарады. Қазақстандық әкімшілік соттардың еуропалық үлгіден ерекшелігі де осы.

«Жалпы әкімшілік құқық саласындағы проблемалар конституциялық сот өндірісіне көп түседі. Яғни, дәл осы салада азаматтардың конституциялық құқы мен бостандығы жайында көп мәселе қозғалады. Сондықтан да, Конституциялық Кеңес әкімшілік әділет шараларын қамтыған заң шығармашылығына баса назар салып отыр», деді И. Рогов.