Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат - Астана қалалық Ішкі істер департаментінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант қабылдау рәсімі өткізілді, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталған бұл рәсімге Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев, Департаменттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Танабергенов және елордалық гарнизонның жеке құрамы қатысты. Ішкі істер департаментінің мұражайында бұндай шара жиі өткізіледі. Өйткені жаңадан қызметке қабылданып, ұлы мақсаттармен қанаттанып келген ұл-қыздарды Департамент басшылығының тік тұрғызып, ант қабылдауының өзі жастарға үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Қызметіне адал болуына септігін тигізеді.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Танабергенов болашақ мемлекеттік қызметшілерге сәт сапар тілесе, Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев биік белестерден көрініп, Отанына адал қызмет ететін азамат болып шығуларына тілек білдірді.