Министрдің айтуынша, жаңа редакциядағы Кодекс жобасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қысқартылған түрде жүргізу қарастырылады.
«Мәселен, егер адам әкімшілік құқық бұзылған жерде соған қатысты хаттамамен толтырылған түбіртек бойынша айыппұл төлеуге келіссе, іс қысқартылған рәсіммен жүргізіледі. Яғни, адам өзі жасаған құқық бұзушылық фактісімен келіседі, өз кінәсін мойындайды және өз еркімен айыппұл төлеуге дайын екенін жеткізіп, ешқандай наразылық білдірмейді. Міне, осындай жағдайдағы қысқартылған тәртіп бойынша адамға хаттама тапсырылған кезден бастап жеті күндік мерзім ішінде айыппұлдың жалпы сомасының тек елу пайызын ғана төлеуге мүмкіндік қарастырылады. Ал егер адам жасалған құқық бұзушылықпен келіспеген жағдайда іс жалпы тәртіппен қаралады» -, дейді Б.Имашев.
Оның айтуынша, Кодекс жобасында сыбайлас жемқорлыққа бейім факторларды жою мақсатында айыппұлдардың нақты мөлшерлері айқындалған. Бұл шара өз кезегінде қысқартылған іс жүргізу рәсімін де қамтамасыз ететін болады. «Судьялар жеке тұлғаға салынатын айыппұлды отыз пайызға дейін азайта алатын мүмкіндікке ие болады. Бұл норма аса елеулі жаңалықтардың бірі болып табылады», - дейді министр.