Аккредитациядан өте алмаған медициналық мекемелерге мемлекеттік тапсырыстар берілмейді ? Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен апталық брифингте ведомствоға қарасты Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру тұрғысында атқарылып жатқан іс-шаралардан хабардар етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мәселен, біріншіден - медициналық ұйымдардың ішінде сапаны басқарудың ішкі қызметтері құрылды. Аталмыш қызмет бас дәрігерлердің орынбасарларынан, бөлімше меңгерушілерінен, ұйымда жұмыс істейтін түрлі комиссия мүшелерінен тұрады. Ішкі қызмет дәрігерлердің, жалпы ауруханалар мен емханалардың жұмыстарының сапасына мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ оның қызметіне емделуші науқастардан келіп түскен шағымдарды дер уақытында қарап, шешім шығару міндеті кіреді. Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Салидат Қайырбекованың атап көрсеткеніндей, сапаны басқару мақсатында құрылған жүйенің тағы бір деңгейі ? тәуелсіз сарапшылар институты. Қазірдің өзінде әртүрлі мамандықтар бойынша 208 аккредиттелген сарапшының деректер қоры, сонымен бірге 14 акредиттелген кәсіптік қауымдастық құрылды. Тәуелсіз сарапшылардың негізгі міндеті - азаматтардың шағымдары мен өлім-жітім оқиғаларын тексеру. Болашақта олар медициналық ұйымдарды аккредиттеу процедураларына және біліктілікті арттыру емтихандарына қатысады деп жоспарлануда. Жыл басынан бері тәуелсіз сарапшылар азаматтардан түскен шағымдардың 30 пайызын қарады. «Сапаны басқару жүйесінің үшінші деңгейі ? медициналық ұйымдарды аккредитациядан өткізу. Аккредиттеу шаралары Министрліктің ағымдағы жылға арналған Стратегиялық жоспарында көзделген. Дамыған елдердің өзінде, денсаулық сақтау ұйымдарына қаражат ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасы мен тиімділігі кепілдендірілген жағдайда ғана бөлінетінін ескерген жөн», деді ол. Осы мақсатта алдағы күзден бастап 500-ден астам мекеме аккредитациядан өтеді. Бұл сыннан өте алмағандарға ? мемлекеттік тапсырыстар берілмейді.