Мектепке дейінгі жастағы балаларға және ем алуға талон алу кезінде кезектерді жоюға ерекше назар аударылды.
-Біз үшін ең бастысы – есептілік те, қағаз жүзіндегі көрсеткіштер де емес. Әр көрсеткіштің артында нақты бала және нақты отбасы тұр. Егер ата-ана баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат беске келіп, кезекте тұруға мәжбүр болса, демек, жүйе жеткілікті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ. Біз мұны түзетуіміз керек, – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр бүгінде елімізде балаларға стоматологиялық көмек көрсету үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасқанын атап өтті.
Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Осыған байланысты, министрдің айтуынша, негізгі назар қолда бар ресурстарды тиімді ұйымдастыру мен үйлестіруге аударылуы тиіс.
-Бүгінде балаларға стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан бұл мәселені ата-аналардың мойнына жүктемеуіміз және әр жолы қосымша бюджет қаражатын іздемеуіміз керек. Ең алдымен, қолда бар ресурстардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру қажет, – деп атап өтті министр.
-Бала ата-анасы талон ала алмағаны немесе бірнеше сағат кезекте тұрғаны үшін ғана қажетті көмексіз қалмауы тиіс. Біздің міндетіміз – қажетті көмектің дер кезінде және отбасының тұрғылықты жеріне жақын жерде қолжетімді болуын қамтамасыз ету, – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр облыстар әкімдерінің орынбасарлары мен бейінді басқармаларға денсаулық сақтау, білім беру басқармалары, медициналық ұйымдар және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
-Ата-аналар әлеуметтік желілерге жүгінуге немесе шағым жазуға мәжбүр болғанша күтпеуіміз керек. Жергілікті жердегі басшылар мұндай мәселелерді азамат медициналық көмек алу кезінде кедергіге тап болғанға дейін анықтап, дер кезінде шешуі тиіс, – деді министр.
Кеңестің қорытындысы бойынша өңірлерге балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігі мәселесін ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды мониторингтеуді және еліміздің барлық өңірлерінде балаларға көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігін бағалауды жалғастырады.
Осыған дейін Қазақстанда 56 стоматологиялық клиниканың лицензиясын ерікті түрде қайтарғаны туралы жаздық.