Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесінен тыс қалған адамдарға қатысты пікір білдірді

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,3 млн адамның мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның арасында 1 млн адам жергілікті атқарушы органдар есебінен МӘМС-ке енгізілмек.

Атап айтқанда, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен халықтың осал тобы санатындағы адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеу ескерілген. Осы шаралардың есебінен 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан астам адам қамтылады.

Осы орайда Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер қалған 2 млн-нан астам МӘМС жүйесімен қалай қамтылатынын сұрады.

— Бұл адамдарды МӘМС-ке мәжбүрлеп кіргізу жүйесі қарастырылмаған. Басқа мемлекеттерде жеке адамдардың медициналық сақтандыру жүйесіне жарнаның уақытылы төленуін қаржы министрліктері қадағалайды. Қазақстанда бұл мәселе әлі де заңнама аясында шешімін таппады. Сондықтан еліміздегі адамдар оны өзі шешеді, яғни жарна төлесе, тиісті көмекті алады. 20 млн адамның 12,1 миллионына мемлекет төлеп жатыр. Тағы 1 млн адамды жергілікті атқарушы органдардың есебінен МӘМС жүйесіне енгізуді ұсынып отырмыз. Жалпы, мүгедектігі бар адамдардың санатына жатпаса, көпбалалы ана немесе студент болмаса, ресми түрде жұмыссыз атанбаса, онда бұл адамдар өздерінің қаражаты есебінен МӘМС жүйесіне қосылуы керек, — деді А. Әлназарова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салсақ, қазір шамамен 16,7 млн (82,3%) адам сақтандырылған болса, оның 12,1 миллионы (72,5%) жеңілдікті санаттарға жатады, 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалған. 

Оның ішінде 2,4 млн адамның өмір сүру деңгейі қанағаттанарлық азаматтар болса, ал 1 миллионы әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және шұғыл деңгейлеріне жататын осал топтағы азаматтар, яғни табысы төмен әрі отбасының базалық қажеттіліктерін әрең жабатын адамдар.