Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесінің басты нәтижелерін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген сәттен бастап күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Осы жылы бұл көрсеткіштің 75,8 жасқа жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өлім-жітім деңгейін төмендету — біздің басты міндетіміз. Биыл бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 3 пайызды құрады. Ана өлім-жітімі тірі туған 100 мың балаға шаққанда 14,8-ден 10,10-ға дейін айтарлықтай төмендеді, нәресте өлім-жітімі тірі туған 1 мың нәрестеге шаққанда 7,93-тен 6,80-ге дейін қысқарды, — деді министр.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл денсаулық сақтау саласының оң динамикасын растайды және жүргізілген жүйелі реформалар мен қаржылық қамтамасыз етуді күшейтудің, оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің тікелей нәтижесі саналады.
— Бүгінгі таңда МӘМС өзінің нәтижесін беруде деп ойлаймын. Атап айтсақ, қаржыландыру өсіп келеді, медициналық көмекке қолжетімділік кеңеюде, бәсекелестік күшейіп, медициналық көрсеткіштер жақсарып жатыр. Бұдан әрі қабылданған нормаларды сапалы іске асыру қажет, — деді ол.
Бұған дейін 2026 жылы МӘМС деректерін беретін мемлекеттік органдардың тізімі жаңартылатынын жазған едік.
Сондай-ақ 2026 жылы дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыратын жоба іске қосылатыны анықталды.