Ақмарал Әлназарова: Ұлттық жобадан 16,5 млрд теңгені үнемдедік

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру кезінде бюджеттің 16,5 млрд теңгесін үнемдеп қалған. Бұл туралы Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлім етті.

Фото: Үкімет

Жоба аясында ауылдық елді мекендерде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымын ашу жоспарланған болатын. Бүгінде соның 467-сі салынып біткен. Қалған 188 нысанның құрылысы биыл аяқталуы керек.

- Жобалау кезінде эталондық жобаларды қайта қолдану арқасында 2 млрд теңге, ал құрылыс жұмыстары кезінде 14,5 млрд теңге шамасында бюджет қаражаты үнемделді.

Бұл нысандардың құрылысы кезінде қолданылған заттардың 71%-ы жергілікті өнім өндірушілердің үлесіне тиесілі, - деді ведомство басшысы.

Ақмарал Әлназарова аталған жаңа нысандарға 143 медицина қызметкері керек болатынын атап өтті.

- Өңірлердің әкімдіктері қазірден бастап ауылға жаңадан келетін мамандарды тарту және оларды ұстап қалу бойынша тиісті жұмыстарды бастаулары қажет. 

655 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған кезде шамамен 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны қолжетімді медициналық-санитарлық алғашқы көмекпен қамтылады, - деді ол.

Бұған дейін Павлодар ауылдарында қайтарылған активтер есебінен амбулаториялар салынатынын жазған едік