Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде қола жүлде алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева Әзербайжанның Баку қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде үшінші орын алды. 

Фото: ҰОК

Спортшы таспамен орындалатын жаттығу түрінде қола медаль иеленді. Финалда Ерекешева 27 ұпай жинады.

Жарыстың жеңімпазы Германиядан келген Дарья Варфоломеева болды, оның ұпайы 28,800-ді құрады. Екінші орынды Италия спортшысы София Раффаэли 28,500 ұпаймен иеленді.

Сонымен қатар Ерекешева шығыршықпен орындалатын жаттығудың финалында өнер көрсетіп, 6-орынға ие болды, оның жинаған ұпайы – 27,950.

Көпсайыстың қорытындысы бойынша Ақмарал Ерекешева ондыққа енді, жалпы есепте 10-орынға тұрақтады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін көркем гимнастикадан әлем кубогы кезеңіне қатысатын Қазақстан құрамасы анықталғанын жазған едік.