ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, жас дзюдошыларымыз Аустрия төрінен 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Қыздар арасында 48 келіде белдескен Ақмарал Науатбек алтын жүлдегер атанды. Ол топтық айналымда Әзербайжан, Бразилия және Германия спортшыларын жеңіп, жартылай финалда өз командаласы Ғалия Тыныбаевадан басым түсті. Финалда Ақмарал бразилиялық Лаура Ферейрадан мықтылығын дәлелдеп, өз қатарластары арасында көш бастады.
Ал Ғалия Тыныбаева қола медаль үшін өткен кездесуде ұлыбританиялық Сиян Бобровсканы жеңді.
Ерлер арасында екі балуанымыз финалда белдесіп, ақтық сында қарсыластарына жол берді. 60 келідегі Біләл Болат Венгрия, Бразилия және Әзербайжан дзюдошыларын жеңіп, жартылай финалда Әбу-Муслим Парчиевті жеңген болатын. Өкінішке қарай, финалда бразилиялық Ренан Торреске жол берді.
66 келіде белдескен Ермек Амангелді іріктеу кезеңдерін Болгария, Бразилия және Франция балуандарын ұтса, жартылай финалда латвиялық қарсыласынан басым түсті. Бірақ ақтық сында Ермектің жапониялық Айда Юджиге шамасы жетпеді.
Осылайша, жас дзюдошыларымыз Аустриядан төрт медальмен оралып отыр.