Әкімдер жеке бақылауына алсын – Премьер-министр жылыту маусымына дайын емес өңірлерді сынады

Фото: БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жылыту маусымына дайындық туралы Үкіметте есеп берді.

– Соңғы аптада 1 қазандық пен 3 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Қосымша 10 қосалқы станция мен 100 тарату пунктіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 13 шақырым жылу желілеріне реконструкция жасалды, – деді Р.Скляр.

Жалпы, кестеге сәйкес 6 энергоблокта, 29 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жүргізілген. Жылумен жабдықтау желілерінде жоспарланған жұмыстар 323 шақырымның 293 шақырымында аяқталды.

– Өткен Үкімет отырысынан бастап Степногорск қаласында жылу желілеріндегі барлық жұмыс аяқталды. Сондай-ақ, Аягөзде жылыту маусымын бастау үшін қажетті жұмыстар толық аяқталды. Орал қаласында өткен аптада жұмыстар тағы 20%-ға аяқталды, жалпы прогресс 85%. Барлық жөндеу жұмыстарын 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланған, – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, Аягөздің Орталық қазандығында №3 қазандықты жөндеу аяқталды, №2 қазандықтың дайындығы 70% және №1 қазандықтың дайындығы 20% болып отыр.

– Сәтбаев қаласында №2 қазандыққа жөндеу жұмыстары аяқталды. Оған қосымша 30 қыркүйекке дейін №1 қазандық дайын болады. №3 қазандықта жұмыс 82%, ал №4 қазандықта 48% орындалды, – деді Р.Скляр.

Өз кезегінде Олжас Бектенов әкімдерге жөндеу жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырды.

– Бірқатар өңірде жұмыс әлі аяқталмаған. Кейбір облыстарда санаулы күндерден кейін жылыту маусымы басталады. Сондықтан әкімдерге жөндеу жұмыстарын аяқтауды жеке бақылауға алуды тапсырамын. Әсіресе Орал, Степногорск, Аягөз, Сәтпаев қалаларында жылу беру мәселесін ерекше назарда ұстаңыздар, – деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Петропавлда 24 қыркүйекте жылыту маусымы басталады.