Әкімдік тізімді жаңартып үлгермеген: БҚО-да 5 балаға иіс тиген үйде дабыл құрылғысы неге жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев Батыс Қазақстан облысында 5 баланың өмірін жалмаған өрттің себептері әлі анықталмағанын мәлім етті.
— Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, өрттің себептері зерделеніп жатыр. Қазір алдын ала себептерін айту мүмкін емес. Өйткені бірнеше нұсқа қаралып отыр. Жаз мезгілі болғандықтан өрт үйдегі пеш ақауынан болды дейтіндей нұсқа жоқ екенін ғана айта аламын, — деді Қанат Доспаев өртпен күрес маусымының барысы туралы баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ол қайғылы оқиға болған үйге неге өртке қарсы дабыл датчигі орнатылмағанын түсіндірді.
— Ол отбасы туралы айтсақ, 2024 жылдың 15 қазанынан бері жалдамалы пәтерде тұрған. Оған дейін да осы Сырым ауданындағы Жымпиты ауылында тұрып келген. Бірақ ол кездегі мекенжайы басқа болатын. Олармен 2024 жылдың 14 қыркүйегінде өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүргізіп, өртке қарсы дабыл датчигі орнатылған болатын. Ал соңғы мекенжайда датчик болмаған. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін бір ай өткенде басқа мекенжайға көшіп кетіп отыр, — деді комитет басшысының орынбасары.
Ал ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев бұл отбасының жаңа қонысында датчиктің орнатылмауына тізімнің жаңартылып үлгермеуі себепкер болғанын айтты.
— Аз қамтылған отбасылардың тізімі жергілікті органдармен бірлесіп жасалады. Жергілікті әкімдіктер тізім ұсынған бойда көрсетілген мекенжайдың бәріне датчик орнатылады. Отбасы ол мекенжайдан көшіп кеткен жағдайда ол үйді датчикпен жабдықтау мәселесі келесі жылға қалады. Яғни келесі жылы жаңартылған кестемен қайта бір түгендеу шарасы жүргізіліп, датчик жоқ үйлерге қайта орнатылады. Яғни, тізім жылына бір рет жаңартылып отырады, — деді Аспандияр Сапарғалиев.
Бұған дейін аталған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.