Жыл сайын әкімдіктер өңірлерге қажетті және басым бағыттар бойынша мамандарды мақсатты даярлау үшін білім беру гранттарын ұсынады.
– Биыл жергілікті атқарушы органдар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша оқуға 2392 білім беру грантын бөлді, – делінген министрлік хабарламасында.
Ең көп грант Астана қаласында қарастырылған – 303. Шымкент қаласының әкімдігі 285, Шығыс Қазақстан облысы 270 грант бөлді.
Батыс Қазақстан облысында – 211, Абай және Түркістан облыстарында – 200-ден, Ақмола облысында – 199, Қарағанды облысында – 198, Атырау облысында – 187, Маңғыстау облысында 163 грант қарастырылған. Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды.
Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі керек.
Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ бар болған жағдайда жеңілдік санатын растайтын құжаттар қоса тапсырылады.
– Білім беру гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады, – деп хабарлады министрлік.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.